Қазақстандық полиглот Омар Алиев - әлеуметтік желі жұлдызы. Алматы медициналық колледжінің студенті әлемнің көптеген тілінде бейнеролик түсіру арқылы танылды. Оның танымалдылығы Доминикан Республикасының президенті Луис Абинадерге дейін жетті. Омар Алиев Луис Абинадердің шақыртуын қабыл алды ма? Massaget.kz тілшісі Қазақстандық полиглотпен сұхбаттасты.
Омар Алиев әдетте видеоларында көп жалаушаның ішінен кездейсоқ біреуін таңдайды да, сол ел тілінде сөйлейді. Сондай видеолардың бірінде оған Доминикан Республикасының туы түседі: ол испан тілінде осы елге барғысы келетінін және олардың ұлттық тағамының бірін жеп көргісі келетінін айтады.
Ең қызығы, бұл видеоны Доминикан Республикасының президенті көріп, полиглот парақшасына жазылады. Сондай-ақ ол видео астына пікір қалдырады. Президент Омар жағажайлардан, асүйден ләззат ала алатынын жазады. Луис Абинадер Омар сол жақта қалып қойғысы келуі мүмкін екенін де жазды.
Омар Алиев - Алматы қаласындағы медициналық колледждің 2-курс студенті. Ол тіс технигі мамандығында оқиды.
"Мен 6 тілді жақсы білемін: қазақ, орыс, күрд, түрік, әзірбайжан және ағылшын тілдері. Ал басқа тілдерде бейнеролик түсірер алдында қарындасым – Дилан екеуміз дайындаламыз, жаттаймыз. Түсірілімге дейін мен сол ел жайлы зерттеймін, олар нені жақсы көретіні және қандай тамақ жейтіндері жайлы оқып білемін", - дейді ол.
Қазақстандық полиглот қазір бенгал және кхмер тілдерін меңгеріп жатыр.
"Тілдерді меңгеруге деген қызығушылығым балалық шақта басталды. Мен тілдерді әдейі меңгеріп бастаған жоқпын. Балалық кезімде анам түрік және әзірбайжан тілдерінде сериалдар қарайтын. Кейін әлеуметтік желідегі парақшаларымды жүргізер алдында "менің қандай дағдыларым бар, қолымнан не келеді" деп ойландым. "Мен бірнеше тіл білемін, неге басқа тілдерде де сөйлеп, видео түсірмеске" деген идея келді. Мұндай видеоларым Желіде жылдам тарап кетті. Сондықтан мен оны дамытуды қолға алып, аудиториямды кеңейткім келді", - дейді Омар Алиев.
Омар Алиев басқа елдерге шығуға құжаттармен қиындықтар туындап тұрғанын айтты.
"Мен Доминикан Республикасының президентінен шақырту алған бойда оның жекесіне жаздым. Алғысымды білдірдім және "сіздің елге барамын деп үміттенемін" деп жаздым. Бірақ бір үлкен проблема туындап тұр. Маған Қазақстан азаматтығын бермей жатыр. Менің ата-анам Әзірбайжаннан, бірақ мен Қазақстанда дүниеге келдім. Бұл сұрақты әлі де шешіп жатырмыз. Осы нәрсе маған қазір қиындықтар туындатып отыр. Себебі мен жеке куәлік, паспорт ала алмай отырмын. Мен осы елде дүниеге келдім, осы елдің азаматымын, бірақ азаматтығын ала алмай отырмын. Ата-анамның Қазақстанда өмір сүріп жатырғандарына 20 жылдан асты, оларда тек тұруға ықтиярхат қана бар. Мен әрине Доминикан Республикасына барғым келеді, бірақ әзірге құжаттарға байланысты бара алмаймын", - дейді Омар.
Омар Алиевтің Instagram-парақшасында 3,5 миллионнан аса, ал TikTоk-та 33 миллиондай оқырманы бар. Ол 60-қа жуық елдің тілінде бейнероликтер түсірген.
Оқи отырыңыз: "Енді немереммен шахмат ойнай аламын". Жапониядағыдай қарттар бізде де бар