- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Депутат Дәулет Мұқаев...
Депутат Дәулет Мұқаев әкесін неге шет елде емдеткенін айтты
Депутат Дәулет Мұқаев әкесінің сырқаты туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұқаевтың сөзінше, әкесінің ауырып жүргеніне біршама уақыт болған.
"Түрлі анализ тапсырды, бірақ, білесіздер ғой бізде "анау дейді, мынау дейді, мүмкін деді... Біреуі нақты диагноз айтпады. Біздің медицинаның дамуына әлі де ұзақ жылдар керек. Медикошым 1 жасқа толғанда Қуаныш, Қайша достарымыз үйге келген еді. Сөзден-сөз шығып, әкемнің жағдайын айтып едім, бірден маған ұрысып... Сен олай уақыт өткізбе, ата-анаңды өзімізбен ала кетеміз деп, бірден Ыстамбұлға билет алды. Кезінде Қайшаның ауырған жағдайын бәріңіз білетін шығарсыздар?! Қайсар қыздың тағдыры, өмірі көп адамға үлгі әрі ой саларлық. (...) Мен тормоз болып... "Ертең ел не айтады, өзі депутат шетелде емделеді деп халық сөз етеді ғой" дегенім де бар. Шынымды айтсам, депутат болғанның осы сөздері қиын. Кейбір адамдар әр нәрседен бәле іздеп кетеді... Ертең мына постымнан кейін "Депутаттың әкесі шетелде емделеді" деп заголовок шығып, ол жақта (менің оқырмандарым емес) жаңалықтың астында негатив жаман пікір жазып, "құсып" жатса таңғалмаймын. Қайша болса, "ел не демейді, отандық медицина мықты болса, біз осылай шетел асып ем алмайтын едік қой. Әке біреу, ана біреу. Сенің әкең менің де әкем. Біздің үйде болады, біздің үйде тұрады" деп жігерлендіріп қойды да, өзінің мықты профессорлары бар медициналық клиникасына чекапқа алып кетті", - дейді Дәулет Мұқаев.
Көп ұзамай Мұқаевтың әкесінің нақты диагноздары да белгілі болған.
"Дәрігерлер уақытында келдіңдер, әйтпесе кеш болар еді дегені тағы бар... Бүгін міне, әкем бір емес екі отаны сәтті өткізді. Аллаға мың да бір шүкір", - дейді депутат.
Еске салайық, бұған дейін депутат Дәулет Мұқаев алғаш істеген жұмыстары туралы айтқан болатын. Ол бала кезінде әкесіне салмақ түсірмес үшін жазғы демалыстарда әртүрлі жұмыс жасағанын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина