"Көлік жуу, шемішке, шыбын дәрісін сату". Депутат Дәулет Мұқаев алғаш істеген жұмыстары туралы айтты

"Көлік жуу, шемішке, шыбын дәрісін сату". Депутат Дәулет Мұқаев алғаш істеген жұмыстары туралы айтты
Фото: Instagram

Депутат Дәулет Мұқаев "Менің өмірім" бағдарламасында алғаш істеген жұмыстары туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат бала кезінде әкесіне салмақ түсірмес үшін жазғы демалыстарда әртүрлі жұмыс жасағанын айтты. 

"Әкем өмірі қара жұмыс істеді. Ауыр көтеріп, жалдалмалы жұмыстар жасайтын. Шаң, топырақ, жер қазды, біреулердің дәретханаларын да қазды. Әртүрлі жұмыс жасай беретін. Балалық шағымыз 90-жылдардың тоқырау кезіне келді. Ешкімге ренжудің қажеті жоқ. Ата-анама алғыс білдіремін. Бірінші кезекте, олар мені оқытты. Әкемнің қара жұмыс жасағанын көріп, мен мұндай жұмыс жасамаймын, керісінше, оқимын дейтінмін. Әкем де "оқы, оқы" дейтін. Менің оқуыма көп үлес қосқан - анам. Әкем анама жұмыс жасатпайтын. Анам менің оқуымды, бәрін қадағалап отырды. Мұндай қадағалау, бақылау болмаса, басқаша Дәулет болар ма едім?! Себебі оқу керегін, білімді адам озатынын 6,7-сыныпта жақсы  түсіндім. Мен ол кезде ары қарай барлығын өзім алып кеттім. Бірақ жазғы демалыс кезінде әкеме күш түсірмес үшін көлік жуатынмын, шемішке, сағыз саттым. Шыбынның дәрілерін де саттым. 11-сынып бітіргеннен кейін үш айдай ұялы телефонның зарядкасын саттым, бірлік (единица) құятын аппарат бастым, университетте жол жүру билетін саттым. Университетте белсенді болдым. 1-курс бітпей жатып, телевидениеге жұмысқа кіріп кеттім. ХХІ ғасыр көшбасшысына рақмет. Бұл еңбектің арқасы. Әкем үнемі "адал қызмет ет" деп айтып отырады", - деді ол.

А. Жапатова