- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Денеден шығатын иіс...
Денеден шығатын иіс қандай ауру жайлы белгі беруі мүмкін?
Әр адамның өзіне тән иісі бар. Егер адам сау болса және гигиенаны дұрыс сақтаса, денеден шығатын иіс қатты емес және әдетте жағымды болады. Егер иіс бірден өзгеріп кетсе және ол жағымсыз болса, бұл гормонды тепе-теңсіздікті көрсетуі және ауру белгісі болуы мүмкін. Бұл жайлы "Известия"-ға дәрігер Ольга Уланкина айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Әдетте жағымсыз иістің шығуына терді кінәлайды. Ал негізінде ода иіс жоқ, бірақ терде бактериялар белсенді көбейеді. Олар тердің құрамындағы заттармен қоректенеді және майлы қышқылдар мен аммиак бөледі, соның салдарынан жағымсыз иіс пайда болады. Кейде тер көп бөлініп, ондағы бактериялар мөлшері артып, адамның табиғи иісі өткір және жағымсыз болып кетуі мүмкін", - дейді дәрігер.
Маманның айтуынша, тершеңдік гормондар тепе-теңдігінің өзгеруімен байланысты болуы мүмкін. Жасөспірімдерде тершеңдік жыныстық жетілу кезінде, ал әйелдерде жүктілік кезінде дамиды. Егер денсаулыққа қатысты бұзылыс белгілері болмаса, уайымдаудың қажеті жоқ. Уақыт өте гормонды фон табиғи жолмен қалыпқа келіп, тер бөліну азаяды. Сондай-ақ бұл проблемаға етеккір кідірісі болған әйелдер және тестостерон тепе-теңсіздігі бар ерлер шалдығады. Бұл жағдайда эндокринологқа және гинекологқа көріну керек.
"Тершеңдік және өткір иіс қалқанша бездің гиперфункциясының (гипертиреоз) белгісі болуы мүмкін. Қалқанша без Т3 және Т4 гормондарын артық мөлшерде бөлетін болса, ағзадағы барлық процестер тым жылдамдап кетеді: температура көтеріледі, зат алмасу артада, жүрек соғысы жиіленеді, тер бөліну күшейеді. Кей аурулар кезінде тердің табиғи иісі артып қана қоймай, өзгеріп кетеді. Ағза зат алмасу процестері бұзылғандықтан немесе қабыну себебінен түзілген ыдырау өнімдерін барлық мүмкін жолмен, соның ішінде тері арқылы шығаруға тырысады. Бұл дененің қалыпты иісін өзгертеді және дәрігерге көріну керегін білдіреді", - дейді Уланкина.
Бауыр мен бүйрек ауруы кезінде адамның терісінен және аузынан аммиактың иісі шығуы мүмкін.
"Ацетон иісі – қант диабетінің бір белгісі. Сірке суының иісі эндокринді бұзылыстар, туберкулез және D дәруменінің жетіспеушілігі жайлы айтады. Егер адам душқа түсіп шықса да, таза теріден сірке суының иісі шықса, бұл уайымдауға себеп. Ал физикалық жүктемеден соң және қатты терлегеннен кейін қышқыл иістің шығуы қалыпты", - дейді маман.
Адамның денесінен шығатын иіске рацион да әсер етеді. Дәмдеуіштер, жартылай дайын өнімдер, дайын тәттілерді көп жеу табиғи иісті бұзады.
Оқи отырыңыз: "Етеккір циклінің бұзылуы". Қалқанша безі ауруының белгілері қандай?
А. Жапатова