- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Дәрігер бүйрекке зиян...
Дәрігер бүйрекке зиян келтіретін күнделікті әдеттерді атады
Кей күнделікті әдеттер бүйрекке жағымсыз әсер етеді. Олар жайлы уролог Павел Низин айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Lenta.ru"-ге сілтеме жасап.
Маманның айтуынша, бүйрекке зиян келтіретін көптеген фактор бар. Кең тараған зиянды әдеттердің бірі – тамаққа тұзды өте көп қолдану. Бұл әдет ағзадағы су-тұзды тепе-теңдікті бұзып, сусыздануға және несеп-тас ауруының дамуына әкелуі мүмкін. Дәрігер күніне 5 г тұздан (шамамен 1 шай қасық) артық жемеуге кеңес берді.
Сондай-ақ бүйрек саулығына кофе мен шайды көп ішу жағымсыз әсер етеді. Себебі кофеин несеп айдағыш қасиетке ие, ол ағзада судың жетіспеуіне және бүйректе тастар жиналуына әкелуі мүмкін.
"Егер бұл сусындардан толықтай бас тартуға дайын болмасаңыз, міндетті түрде су режимін сақтау керек. Су қажет емес заттарды шығаруға, сергек жүруге және қанды оңай айналдыруға көмектеседі. Су ішу нормасы әр адамға жеке есептеледі: дене массасының килограмына 25-30 мл сұйықтық", - деп түсіндірді Павел Низин.
Зәрді ұстау әдеті циститке әкелуі мүмкін. Себебі зәр қуықта ұзақ тұрып қалса, микроағзаларды жұқтырып алу қаупі артады.
Ұйқының жетіспеуі жалпы денсаулықты нашарлатады. Бұл бүйрек жұмысына жағымсыз әсер етіп, бүйрек жетіспеушілігінің даму қаупін арттырады. Адам толыққанды ұйқыға уақыт табуы керек.
Сондай-ақ дәрігер алкоголь мен темекіден бас тартуды ұсынды. Ол сонымен қатар физикалық белсенділікке мән беруге кеңес берді.
Оқи отырыңыз: Бауыр ауруының айқын 4 белгісі
А. Жапатова