Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Көпполярлы әлемдегі еуразиялық интеграция" атты Еуразиялық экономикалық форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Одақты дамытудың жаңа басымдықтарын айқындау қажеттігі туралы сұрағыңыздың екінші бөлігіне тоқталып өтейін. Кез келген істі қолға алғанда әрдайым қазіргі проблемаларды ғана шешіп қоймай, келешектегі жұмысты да жоспарлау керек екені сөзсіз. Сондай-ақ айналадағы жағдайдың өзгеруіне байсалды қарау керек. Мұның бәрінің берік негізі болуға тиіс. Іргетасы неғұрлым мығым болса, соғұрлым мықты әрі ұзаққа төзімді ғимарат салуға болады. Ал біздің одақтың іргетасы не? Одақ туралы келісімді толыққанды жүзеге асыру негізгі мәселе және солай бола береді. Яғни, "төрт еркіндік" және инфрақұрылымға тең дәрежеде қол жеткізу, әділ бәсеке, тең құқық және ұлттық мүддені ескеру секілді негізгі қағидаттар мүлтіксіз сақталуы керек", - деді Тоқаев.
Президент сонымен бірге экономикалық интеграция түпкі мақсат емес екенін және бұл тек ұйымға мүше мемлекеттердің экономикасын дамытудың және халықтарының әл-ауқатын жақсартудың бір құралы екенін түсіну маңызды екенін айтты.
"Сондықтан экономикалық интеграцияның жетістігі стратегиялар, келісімдер және шешімдердің санымен емес, керісінше, жаңа өндірістер, технологиялар және жұмыс орындарымен бағаланады. Біз үшін, 2015 жылғы шартта көрсетілгендей, ЕАЭО аясындағы интеграция, ең алдымен, экономикалық сипатқа ие", - деді ол.
Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ертең, 25 мамырда өтетін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысу үшін Мәскеуге барды.
Президент бүгін Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысына қатысу үшін "Зарядье" концерт залына барды, оны Ресей президенті Владимир Путин қарсы алды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!