"Бұйрыққа бағынбағандарды ату керек". Депутат Самат Нұртаза пандемия кезіндегі сөзін түсіндірді

Депутат Самат Нұртаза коронавирус пандемиясы кезінде "адамдарды ату керек" деген әлеуметтік желідегі пікіріне қатысты түсінік берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Facebook-те депутаттың 2020 жылы жазған пікірі пайда болды.

"Әскерді периметрмен тізіп қойып, бұйрыққа бағынбағандарды ату керек. 4-5 атқан соң тынышталады. Табиғи сұрыпталу керек адамдар", - деп жазған депутат пікірде. 

Желі қолданушылары депутаттың мұндай пікіріне наразы болған. 

"Ауызға не келсе соны айту керек па, сонда?"

"Масқара"

"Жеткен жеріміз осы болса, жетіскен екенбіз", - дейді желі қолданушылары. 

Самат Нұртаза Massaget.kz тілшісіне сол кезде неліктен мұндай пікір жазғанын түсіндіріп берді. 

"Пандемия кезінде менің екі жақын туысым қайтыс болды. Сол кездері халық мемлекеттің, санитариялық дәрігерлердің айтқан ескертулерін ескермей, тығылып той жасады. Тойдан қашып бара жатқан халықты көрдік. Одан бөлек, әлеуметтік желіде қаншама адамға көңіл айтып отырдық. Коронавирустан қайтыс болған жақындарым болды. Бұл оқиғалар есімізден тез шығып кетеді ғой. Қазақ халқы сол кезде қырылып жатқанда Қытай миллиондаған халқы бар Ухань қаласын толық жауып тастады. Қала тым-тырыс, ешкім жоқ. Қытайдың сондай темір тәртібіне қызықтым. Олар үйде отыр десе отырады. Соның нәтижесінде Қытайда адам шығыны аз болды. Сондықтан ашынып, қынжылғандықтан сондай пікір жазып жібердім", - деп түсіндірді депутат. 

Самат Нұртаза "қатты кеткенін" мойындап, ресми түрде кешірім сұрай алатынын айтады. 

"Бірақ біздің қоғам сол кезде тәртіпке бағынбай, "наконец-то коронавирус" деген сөзге күле беріп, "қырылып" та жатты. Қынжылатыным сол", - дейді Самат Нұртаза.  

Еске салайық, бұған дейін Самат Нұртаза журналистерді "қолтырауынға" теңеп, сынға қалған болатын. 

"Кеше NatGeoWild арнасынан қолтырауындар туралы бағдарлама көрдім. Қолтырауындар зебралар мен гнулардың көші басталғанда, әйгілі Мара өзенінің ең таяз жерінде күтіп отырады екен. Яғни қолтырауындар шөпқоректілердің өзеннің таяз жерін білетінін біледі. Бүгін кезекті пленарлық отырысқа бара жатып, бізді күтіп отырған журналистерді көзім шалып қалды. Адамдар әлемі мен хайуанаттар әлемінің ұқсастығы баршылық. Аңғарған адамға", - деп жазған ол. 

Бұл жазба әлеуметтік желіде дау туғызып, кешірім сұрауды талап еткен журналистер де табылды. Алайда депутат кейінірек даулы жазбасын өшіріпті. Оның орнына бұл әрекетінің мәнін түсіндірген. Шенеуніктің сөзінше, "ашылғысы келіп", қалжыңдаған.

Айта кетейік, Самат Нұртаза - биыл Мәжіліске Amanat партиясынан сайланған депутат. Ол 1982 жылы 9 наурызда Талдықорған қаласында дүниеге келген. 2003 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетін бітірген. Мәжіліс депутаты болып сайланғанға дейін "Қоғамдық келісім" РММ директорының орынбасары болған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!