"Өзгереміз". Журналистерді "қолтырауынға" теңеп, сынға қалған депутат әрекеті орынсыз болғанын айтты

"Өзгереміз". Журналистерді "қолтырауынға" теңеп, сынға қалған депутат әрекеті орынсыз болғанын айтты
Фото: Facebook

Мәжіліске Amanat партиясынан сайланған депутаттардың бірі Самат Нұртаза әлеуметтік желідегі жазбасы үшін сынға ұшырады. Ол журналистерді "хайуанаттарға" теңеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі. 

Желіде тараған жазбадан оның журналистерді қолтырауынға теңегенін байқауға болады.

"Кеше NatGeoWild арнасынан қолтырауындар туралы бағдарлама көрдім. Қолтырауындар зебралар мен гнулардың көші басталғанда, әйгілі Мара өзенінің ең таяз жерінде күтіп отырады екен. Яғни қолтырауындар шөпқоректілердің өзеннің таяз жерін білетінін біледі. Бүгін кезекті пленарлық отырысқа бара жатып, бізді күтіп отырған журналистерді көзім шалып қалды. Адамдар әлемі мен хайуанаттар әлемінің ұқсастығы баршылық. Аңғарған адамға", - деп жазған ол. 

Бұл жазба әлеуметтік желіде дау туғызып, кешірім сұрауды талап еткен журналистер де табылған.

"Самат Нұртаза дейтін блогер журналистерді крокодилге теңепті. Бұл хайуанның жарты денесі ауыздан ғана тұрады. Ауызы дәу, тісі өткір, үлкен жасыл кесіртке. Желіде кейбір әріптестер күліп жатыр. Бұл күлкілі емес. Бұл блогер қазір депутат. Аузына ие болу керек. Журналистерді қолтырауынға теңеу барып тұрған мәдениетсіздік. Дамыған басқа елдерде бұндай оқиға болса, депутат заңға тартылар еді. Постын алып тастап кешірім сұрауын талап етемін. Әріптестер, әлде сіздер өздеріңізді алдына келгенін жей беретін жыртқыш дәу кесірткемін деп ойлайсыздар ма? ...Ерлан Кошанов мырза, бұндай әдепсіз адамды мандатынан алып тастау керек. Бұл азаматтың мамандығы саясаттанушы екен. Саяси мәдениет дегенді сонда оқымаған ба? Саяси мақаласын, сараптамасын да көрмеппін. Мен, мысалы, Досым Сатбаев, Дос Көшім, Толғанай Үмбетәлиева сияқты саясаттанушыларды білемін. Бұндай саясаттанушыны білмейді екем. Бізді крокодилге теңеген депутат өзін зебраға теңепті. Міне, фотосы қараңыздаршы. Қайдағы зебра. Тура жаба деген бақа ғой. Мен біреудің жеке басына тиісуді мақұл көрмеймін. Бірақ ауызды қышытып отырған өзі", - деп сынапты Нұрсейіт Жылқышыбай Facebook-парақшасында.

Алайда депутат кейінірек даулы жазбасын өшіріпті. Оның орнына бұл әрекетінің мәнін түсіндірген. Шенеуніктің сөзінше, "ашылғысы келіп", қалжыңдаған.

"Журналистер туралы жазған қалжыңым орынсыз болды. Ашылғым келді, бірақ тәсілім өтпеді, ұнамады, қабылданбады. Бүгінгі күн маған - сабақ. Бұл қоғамға классикалық, салмақты, тұйықтау депутат керек екен. Солай түсіндім. Өзгереміз", - деп жазған ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Самат Нұртаза - саясаттанушы, Болашақ бағдарламасымен оқыған. Ол Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне мүше болды. Сонымен қатар, Ұлттық құрылтай құрамында болған. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова