Бұрын түрмеде отырған, қылмыс әлемінде танымал: Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі "Нойс" туралы не белгілі?

Бұрын түрмеде отырған, қылмыс әлемінде танымал: Айнұр Тұрсынбаеваның күйеуі "Нойс" туралы не белгілі?
Фото: әлеуметтік желі

ІІМ Қаңтар оқиғасына белсенді қатысқан Арман Жұмагелдиевтің ұйымдасқан қылмыстық тобын әшкерелеуге және жоюға бағытталған іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр. Соның бірі - қылмыстық ортада "Нойс" деген лақап атымен белгілі. Massaget.kz тілшісі "Нойс" туралы деректерге шолу жасады.

Қылмыс әлемінде танымал, Дикий Арманның серігі

Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, Нойс лақапатымен танымал Нұржан Иманалиев 1983 жылы туған азамат Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. "Нойс" қылмыс әлемінде кең танымал. Сонымен қатар, Нұржан Иманәлиев - Дикий Арманның сенімді серігі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от NN.BOSS 777 (@imanaliyev_nurzhan)

Ол әлеуметтік желіде де Дикий Арманмен тығыз байланыста екенін жасырмайды.

"Қорқаулардың тек арттан айқайлауға батылдығы жетеді. Бұл олардың қасқырлардан айырмашылығы...", - деп жазған ол.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қуандық Алпыс министрліктің арнайы операциясы кезінде мәлім болған "Нойс" кім екенін ашып айтқан еді. Қуандық Алпыстың сөзінше, "Нойс" Жұмагелдиевтің "оң қолы" және бас серіктесі. Қазіргі уақытта "Нойс" шет елде, оған халықаралық іздеу жарияланған. Оны ұстау және экстрадициялау бойынша шаралар қолданылып жатыр. 

Ашық деректерде оның Түркияда жылжымайтын мүлкі, соның ішінде вилласы бар екені, бизнеспен айналысатыны, Ыстамбұлда караоке клубқа иелік ететіні айтылады.

Бұған дейін де түрмеде отырған

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева бұған дейін 4 жылдың ішінде алғаш рет сұхбат беріп, күйеуі түрмеде болғанда қалай қиналғанын, ел ішінде күйеуі туралы тараған қауесетке жауап берген еді. Ол бұл туралы Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында бөлісті. Ақынның сөзінше, ол күйеуімен әлеуметтік желі арқылы танысқан. 

"Қиын болды, әрине, маған. Бірақ мен ол кезде бұл менің сыналатын тұсым деп ойладым. Ыстамбұлда болғанда жалғызсырадым, бірақ қиналдым деп айтпаймын. Ол кісіге "егер мықты болсаң, аяғына дейін алып шығасың" дедім. Ол жазықсыз болды ғой. Тіпті жазығы болған жоқ. Түркияда 20-100 жылға дейін жаза тағайындай береді. Қандай жаза болса да, ақыретке дейін бірге боламыз деп уәде бердік", - деді Айнұр Тұрсынбаева.

Өнер иесі, сондай-ақ күйеуінің мінезі туралы айтты. Оның сөзінше, күйеуі - нәзік әрі жұмсақ жан.

"Ерекше адам. Көп досы сый-құрмет көрсетіп жатады ғой. Оның бүгін 10 миллионы бар, ертең 10 теңгесі де болмай қалуы мүмкін. Ол қолындағысын тарата салады. Адамдар оны Түркияға әдейі іздеп келеді. Нұржан оны танымай, ол кім десе, "бұрын қиналып жүргенде көлігіңізді беріп едіңіз ғой" деп іздеп келгендер болды. "Қонаққа жалғыз атын сойып беріп, жүген ұстап қалады-ау ертеңіне" деген осы кісіге айтылған", - дейді ол. 

Айнұр Тұрсынбаева күйеуі Нұржанның лақапаты туралы да айтқан еді. 

"Ол "Нойс деген атының өзі қорқынышты, біртүрлі" дейтіндер бар. Ол лақапаты мектепті шулатып жүргенде мұғалімдерінің қойған аты екен. Ел қылмыс әлемінде жүрген деп айтып жүр ғой, бірақ оның қасына 6 күн жүрген адам таңғалады. Негізі ол - жаны жұмсақ жан. Тіпті романтикалық фильмдерді көрсе жылап қалуы мүмкін", - дейді ақын.

Блогер, айтыскер Айнұр Тұрсынбаеваның үшінші күйеуі

Айнұр Тұрсынбаева 1977 жылы дүниеге келген. Нұржан Иманалиев одан алты жас кіші әрі қоғамда оның Айнұр Тұрсынбаеваның үшінші күйеуі екені айтылады. Олар 2019 жылы бас қосқан. 

Ал әлеуметтік желіде олардың бірге түскен соңғы суреті биыл 13 наурызда жарияланған.

"Біз тәп-тәтті егіздердің өкіл ата-анасы атандық...", - деген ол жазбаларының бірінде.

Былтыр Айнұр Тұрсынбаева ұлының тойын дүркіретіп жасады. Бірақ бұл шарада оның күйеуі көрінбеді.

2021 жылы ақынның әлеуметтік желідегі оқырмандары оның күйеуінің абақтыда жатқанын жазған.

"Нұржанды абақтыда деген рас па екен? Аман болсыншы", "Махабаттарың мәңгілік болсын", "Сүйінші дегенге и күйеуінің суретін қойғанға... "күйеуі түрмеде" деп еді (рас..өтірігі), сол шықты деп жазайн деп жатқан шығар десем", - деген еді олар.

  

"Айнұр Тұрсынбаева күйеуімен бірге түскен суретін ақыры салды-ау” деп ертең сайттар шулай бастайды енді. Менің өмірім неге соншалықты қызық болып кеткенін білмеймін, әйтеуір отбасылық суреттерім бүкіл сайтта өріп жүр. Мен үшін ешкімнің өмірі қызық емес, жеткен жетістігі мен өнегесі ғана қызық. Оның үстіне, ажырасып үйлену деген мақтаныш емес болғасын шытырман хикаяға толы тағдырымды айқайлап айта бергім келмейді", - деген болатын Айнұр Тұрсынбаеваның өзі бұрынғы жазбаларында.

Қазір олар Ыстамбұлда зәулім үйде тұрады.

 

Айнұр Тұрсынбаева Ыстамбұлдағы зәулім үйін көрсетті

Еске салайық, бұған дейін Дикий Арманның жақтастары тұтқындалғаны хабарланған еді. Кейінірек Ішкі істер министрлігінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қуандық Алпыс министрліктің арнайы операциясы кезінде мәлім болған "Нойс" пен "Карасьқа" қатысты сұрақтарға жауап берді. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова