Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында қайыңдар оталған болатын. Облыстың құзырлы органдары мен "Бурабай" МҰТП өкілдері бұған Орман шаруашылығы және жануарлар комитеті бұйрық бергенін мәлімдеген еді. Ведомство өкілдері осы жайтқа қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бурабай курорттық аймағына кірер тұстағы Ақылбай ауылы маңындағы мыңдаған ағаш отап тасталғанын көрген тұрғындар сол көріністі видеоға түсірген.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитеті мәліметінше, бұл учаскеде ағаш отауға былтыр 18 қаңтарда берілген құжаты бар. Соған сәйкес 17,19 телімнің 35 орамында 187 текше "жаппай санитариялық отауға" рұқсат берілген.
Құжатта дайындау мерзімі 2022 жылғы 31 желтоқсан және тасымалдау мерзімі 2023 жылғы 1 мамыр деп көрсетілген. Алайда қаңтар-ақпан айларында орындалмай, жақында 70 текше яғни 351 түп қайың ағашы оталғаны анықталған.
"Бурабайда қайың белгіленген мерзімдерді сақтамай, заңсыз оталғаны анықталды. Орман кодексінің 4-бабының 4-тармағы бұзылған. Бұл заңнама бұзылуы салдарынан келтірілген залал сомасы 724 500 теңге болды. Шығын сомасы 100 айлық есептік көрсеткіштен асып кеткендіктен Орман кодексінің 19-бабы 5-тармағы 1-тармақшасына сәйкес барлық материал құқық қорғау органдарына жолданды", - дейді Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің баспасөз қызметі өкілі.
Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясы ағашты заңсыз отаған адамдарды анықтап жауапкершілікке тарту үшін Бурабай аудандық полиция бөліміне арызданған. Полиция бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғаған. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Бурабайда ондаған гектар орман оталғаны хабарланған болатын.
Абзал Алпысбайұлы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!