Бурабайда ондаған гектар орман оталып тасталды

Бурабайда ондаған гектар орман оталып тасталды
Фото: Видеодан скрин

Бурабай аумағына кірер тұста ондаған гектар орман алқабы оталып тасталды. Жүздеген жыл бойы өскен аппақ қайыңдар қазіргі уақытта бей-берекет шашылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқиға Бурабай курорттық аймағына кірер тұстағы Ақылбай ауылының маңында орын алған. Мыңдаған ағаштың оталып жатқанын көрген адам оны дереу видеоға түсіріп алыпты.


- Бұл Бурабайға ескі бекеттен өтетін тұста болып жатыр. Бәрін осынша неге түгел отап тастаған? Қанша жыл бойы өсті емес пе? - дейді ол.


Табиғаты тылсым Бурабайдағы бұл жағдай бойынша құзырлы органдар дереу жауаптарын беріп тапсырманың жоғарыдан келгенін айтып ақталмақ болды. Бурабай ауданы әкімдігінің мәліметінше қайың ағаштарын жаппай отау Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бұйрығымен бекітілген.

"Бурабай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Ақылбай орман шаруашылығы аумағындағы 35 кварталда болған жаппай ағашты кесу қысқы кезеңдегі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бұйрығымен бекітілген. Отын "Бурабай" МҰТП ағаш өңдеу цехына тасымалданады, - дейді Бурабай ауданы әкімдігінен.


Ал Ақмола облысының экология департаменті мәселені өңірдің орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясына жүгіну қажеттігін айтады.

"Орман шаруашылығын қорғау, сақтау және қолдану, орман өсіру Қазақстан Республикасы заңнамасымен бекітілген талаптармен олардың қызметінің сәйкестігін бақылау және тексеру өкілетті органның қызметі. Мемлекеттік орман қорының аумағындағы оталған ағаштарды оталғаны көрсетілген аталған видеоның заңды заңсыздығын қарастыру үшін Ақмола облысының орман шаруашылығы және жануарлар әлемі аумақтық инспекциясына жүгіну қажет", - дейді Экология департаментінен.


Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі де бұл оталған ағаштардың Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің бұйрығы негізінде оталғанын мәлім етті.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы