- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бұл - қауіпті...
"Бұл - қауіпті тенденция". Әлеуметтанушы орамал саясиландыру элементі екенін айтты
Еліміздегі даулы мәселе болған орамал мәселесі саясиландыру элементі ретінде қарастырылып отыр. Бұл туралы әлеуметтану ғылымдарының кандидаты Талғат Жақиянов Нартай Аралбайұлына берген сұхбатында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Теріс ағым, микс жамағат, дәстүрлі мұсылмандар"
Оның айтуынша, төрт топтың да орамалға сұранысы бар. Соның ішінде теріс ағымдар мен микс-жамағаттың талап ету белсенділігі жоғары.
"Хиджаб дауы Қазақстанда 2003 жылы басталды. Бұл дау теріс ағымдардың тарапынан туындады. Жалпы қазіргі жағдайды алып қарасақ, орамалға сұраныс тудырып отырғандарды төрт топқа бөліп қарастыруға болады. Біріншісі - теріс ағымдар. Олар 2003 жылдан бастап өте белсенді түрде жыл сайын талап етіп келе жатыр. Жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыруға кіріскен. Мемлекеттік органдармен кездесіп, талапты күшейтіп жатыр. Әртүрлі петиция, конференция, жеке кездесу, халықаралық ұйымдардың барлығының назарын аудартып жатыр. Діндар ата-аналарға құқықтық жағынан көмек көрсетіп, оларды да өз айналасына жинап отыр. Сондай-ақ, білім беру мекемелері, жұмыс орындарында осындай мәселелерді қозғай отырып, депутаттыққа сайланып жатыр. Мұның бәрі билікке келгісі келетін топтың көрінісі. Сәлафилік ағымдар басқаларға да әсер етеді. Екіншісі - микс жамағаттар, яғни дәстүрлі мұсылмандар мен салафиттердің аралығындағы топ. Микс-жамағаттар әртүрлі әлеуметтік жобалардың арасында қалыптасып келе жатыр. Солардың бірі қайырымдылық шаралар, көпбалалы отбасыларға баспана салып беру, діни балабақша, мектептер ашу,т.б. Осының аясында олар көбейеді. Осы жерде құндылықтар шайылып кетіп жатыр. Микс-жамағаттардың аясында дәстүрлі мұсылмандық қайсы, біз ажырата алмай қалдық. Бұл - өте қауіпті тенденция. Осылардың аясында радикалды ханафизм дамып келе жатыр. Үшіншісі - дәстүрлі мұсылмандар. Бұған имамдарымыз, ұстаздарымыз, кәдімгі өмір сүріп жатқан қазақилықты мойындайтын барлық адамды жатқыза аламыз. Дегенмен бұл топта да орамалға сұраныс бар. Төртіншісі - этникалық топтар, яғни ұлттық киімдерінде діни элементтері бар этникалық қауымдастықтар. Мысалы, тәжіктер, шешендер, ингуштар олардың да ұлттық киімдерінде орамал атрибуты бар. Олар мектепке өздерінің ұлттық киімімен баруды сұрайды. Оның ішінде орамал да бар", - деді әлеуметтанушы.
Сондай-ақ, ол орамал саясиландыру элементі ретінде қарастырылып отырғанын түсіндірді.
"Бұлардың ішінде қатты талаппен шығып жатқаны бірінші және екінші топ. Бізде жаппай мұсылмандар сұрап жатыр деген тұжырым жоқ. Бірыңғай мектеп формасына қатысты саясиландыру бар. Орамал саясиландыру элементі ретінде қарастырылып отыр. Басты мақсат - топтың ықпалын арттыру. Сарапшылар осындай ағым өкілдерінің тарапынан саяси ұйымдар құрылып кету қаупі бар екенін айтты", - деді Талғат Жақиянов.
"Министр позициясын анықтап алмаған"
Әлеуметтанушы хиджаб тағуға мәжбүрлеген бірнеше жағдайға куә болғанын айтты.
"Діни ағым өкілдері қыздарын хиджаб тағуға мәжбүрлеп жатыр. Бұған қатысты мысалдар өте көп. Мәселен, ШҚО-да 13 жасар қыз бала өзіне қол жұмсамақ болды. Себебі әкесі салафилік ағымның өкілі. Қызына орамал тағуды талап еткен. Ал ол биге барып, түрлі іс-шараларға қатысып, құрбыларымен бірге жүргісі келеді. Ал әкесі қысып тастаған. Оңалту орталықтары аясында бұл қызбен жұмыс істедік. Тағы бір мысал, қатты діншіл әкесі қыздары "орамал тақпаймыз" деп бас тартқан соң шашын тықырлап алып тастап, орамал тағуға мәжбүрлеген. Ал қыздың шешесін ұрып, соғып, бопсалаған", - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі хиджаб шиеленісі оқушы мен мектеп арасында емес, мектеп пен ата-ана арасында болып жатыр.
"Министрліктер нақты позициясын анықтап алмаған. Байқап қарасаңыздар, министрдің кібіртіктеп қалған кезінде құрамындағы басқармалардың өзі үнсіз қалды. Бұл деген біртұтас жүйелі көзқарас болмағанының көрінісі. Біріншіден, министр шынымен дайын болмаған шығар. Екіншіден, қоғамдағы топтың қысымын сезінді. Яғни, қысым орамалға қарсы топтардың тарапынан болатынын түсінді. Сол үшін де зайырлы қоғамның тарапынан қысым көп болғанын көрді де, негізгі өзінің позициясына қайтты", - деді Талғат Жақиянов.
Еске салайық, бұған дейін ҚМДБ Министрлікке орамалға қатысты қандай ұсыныс айтқаны туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ұзатылған қыз неге жыл толмай төркінге бармайды?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы