ҚМДБ Министрлікке орамалға қатысты қандай ұсыныс айтқаны белгілі болды

ҚМДБ Министрлікке орамалға қатысты қандай ұсыныс айтқаны белгілі болды
Фото: Хабар24

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы мектепке ақ және көк түсті орамал тағуға рұқсат беру керегін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "KTK" телеарнасына сілтеме жасап. 

Оқушының мектепке орамалмен баруы қазіргі кезде үлкен мәселе болып тұр. Осы тұста діни басқарма мәселені шариғатқа сай шешуді сұрап жатыр. Оқу-ағарту министрлігіне нақты ұсыныс та жасалған. Әзірге ұсыныстың мазмұны көпке жарияланбады. Тек мүфтиятты баспасөз хатшысы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырыпты.

"Орамал жайында. Мүфтият бұл мәселені өз құзыреті, дін мен дәстүр сабақтастығы аясында шешудің оңтайлы жолын ұсынды. Нақты айтқанда, тиісті мекемеге орамалдың ақ және көк түсі ұсынылды. Осыған қатысты әлі де оң шешім қабылданар деген үміттеміз", - ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек  Қонарбайұлы.

"Бұл тақырып осымен жабылуы қажет. Қазақстан Республикасында білім алып жатқан әрбір оқушы мектеп формасы, яғни ақ түсті көйлек, төменгі жағы қара, не қою көк түсті. Жоқ, мен таңғаламын, педагог ретінде айтарым, неге баланың үнін тыңдамасқа? Неге біз одан сұрамаймыз? Сен не қалайсың деп? Біз өзімізше шешіп жатырмыз. Бала үшін, өзіңіз ойлаңызшы... Яғни бала өзін еркін сезіну үшін, ол қатар құрбыларымен бірдей болуы керек", - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің департамент директоры.

Мүфтият бұл ұсынысы мәселені одан сайын ушықтырып, мемлекет саясатына ашық қарсы деп санайды кейбір мәжілісмендер. "Конституцияда Қазақстан зайырлы, құқықтық мемлекет ретінде сипатталады, сол себепті дін мемлекет саясатынан тыс болуы шарт" - дейді депутат Айдос Сарым.

"Зайырлы - кем дегенде, өзінің діни басқа ұстанымдарын ересек жасқа жеткен кезде айқындай алатын дүние. Яғни ешбір балаға ешбір ата-ана, ешбір мемлекеттік ұйым "сен былай жүр, сен былай жүр" деп айтпауы керек", -  дейді депутат Айдос Сарым

Ал депутат Ерлан Саиров тіпті діни басқарма өкілдерінен күдіктеніп отыр. Дәстүрлі салт-санамызға сіңген ислам емес, өзге де тармақтар көрініс тапқан деген пікірде. 

"Қазір, өкініштісі, біздің діни басқармада істейтін балаларымыз немесе сырттан оқып келген имамдар сол мемлекеттердің саясатын уағыздайтын секілді. Ислам мәдениетін емес, сол өздері тәлім-тәрбие алып келген мемлекеттердің саясатын, солардың салт-дәстүрін Қазақстанға енгізгісі келетін сияқты", - деді мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. 

Хиджаб мәселесіне қатысты мүфтияттың ұсынысы Оқу-ағарту министрлігіне әлі жетпеген. Діни басқарманың ақ пен көк түсті орамал тағуға рұқсат беру туралы ұсынысы министрлікке жете сала, ресми жауап болатынын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да мектепте хиджаб кию мәселесін көтерген еді.

"Қазір әлеуметтік желіде мектептерде хиджаб кию мәселесіне қатысты талқы тоқтар емес. Осыған байланысты, діни салаға жауапты лауазымды тұлға ретінде, өз тарапымнан түсініктеме беруді жөн көріп отырмын. Ата заңымызға сәйкес Қазақстанда дін мемлекеттен бөлінген. Сөз жоқ, мемлекет дін бостандығына кепілдік береді. Бірақ біз - зайырлы елміз! Сол үшін де мемлекеттік саясаттың барлық мәселесі діни пәтуалармен емес, азаматтық нормалармен реттеледі. Құқықтық-нормативті актілер әрбір оқушыға мектеп қабырғасында арнайы бекітілген форма киюді міндеттейді. Өйткені білім беру ерекшелігі бірыңғайлықты талап етеді. Ал Конституциямыз бойынша мектептің міндеті - ел азаматтарына сапалы білім беруге кепілдік беру және оны қамтамасыз ету. Сондықтан да мектепте бала ең алдымен сапалы білім алуы керек. Содан кейін барып, ержете келе діни наным-сенімін, қандай киім үлгісін киетінін өзі шешеді деп ойлаймын", - деген еді министр. 

Еске салайық, бұған дейінгі Үкімет отырысында Ғани Бектайұлына "хиджаб киюуге рұқсат бересіздер ме, жоқ әлде бермейсіздер ме" деген сұрақ қойылған болатын. Министр бұл сұраққа жауап беруден жалтарды.

"Біз бірнәрсені түсінуіміз керек. Біз бәріміз оған келістік, Конституцияда жазылған, біз зайырлы мемлекетпіз. Сондықтан Конституцияға сәйкес мектептерде өмір сүруі керек деп есептейміз", - деген еді шенеунік.

"Иранның әйелдері өз құқығы үшін қалай күресіп жатыр?" Баян Мақсатқызы мектепте хиджаб кию туралы айтты

Кейінірек министр даулы мәселеге қатысты тағы да пікір білдірді. Сонымен қатар, бұрынғы ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Қазақстанның ұстанымын айтты. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

С. Бөлек