- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бұл қарапайым әдеттер...
Бұл қарапайым әдеттер деменцияның алдын алуға көмектеседі
Барлық адам ұзақ және бақытты өмір сүргісі келеді. Әрине, сондай-ақ ақыл-есіміз сау болғанын қалаймыз. Альцгеймер ауруы – есте сақтауды және ойлау қабілетін біртіндеп бұзатын ми ауруы. Нәтижесінде, қарапайым нәрселерді жасау мүмкін емес болып қалуы мүмкін. Ендеше, оның алдын алу үшін не істеу керек?
Бұл аурудың пайда болу себебі әлі күнге дейін нақты анықталған жоқ. Деменциядан ешкім сақтандырылмаған, алайда жас кезде оның алдын алуға болады.
Жаяу жүріңіз
Физикалық белсенділіктің ағзаға пайдасы жайлы естіген боларсыз?! Тіпті, жаяу жүрудің өзі барлық ағзаға, соның ішінде миға да пайдалы. Ми жылдам қарқында жұмыс істеуі үшін жылдам жүруге тырысыңыз. Мысалы, кеңесеге дейін жылдам жүріспен барудың өзі жеткілікті.
Жаңа нәрсе үйреніңіз
Ми үшін ең жақсы белсенділік – ол білім алу. Жаңа ақпарат меңгеру және жаңа дағды үйрену кезінде мида жаңа нейрондық байланыстар түзіле бастайды: ол жақсы есте сақтау қабілеті үшін маңызды. Көпшілік қарт кісілер "бізге енді оқудың не қажеті бар" деп ойлайды, соның салдарынан олардың миы жиі ерте қартаяды.
Миды жаттықтыру үшін кез келген нәрсені оқуға немесе үйренуге болады. Мысалы, шет тілін оқу немесе тігіп үйрену. Бастысы, миға жаңа ақпарат үздіксіз келіп тұруы керек. Шығармашылық дағдыларды меңгеру де есте сақтауды жақсартуға көмектеседі. Мысалы, жаңа би түрін меңгергіңіз келетін шығар?! Солайша жағымды нәрсені пайдалымен үйлестіре аласыз.
Позитивті болыңыз
Өміріңіздің позитивті аспектілеріне мән беруге тырысыңыз. Ал жағымсыз жағдайларға сабақ және өсуге мүмкіндік ретінде қараңыз.
Күліңіз
Жақсы көңіл күй сыйлайтын фильмдер немесе бағдарламалар қараңыз. Өзіңізге жақсы орта табыңыз. Себебі күйзеліс гормоны когнитивті қабілеттерді нашарлатады. Ал күлу күйзеліс гормоны - кортизолдың деңгейін түсіруге көмектеседі.
Ерте ұйықтаңыз
Кей зерттеулер 6 сағаттан аз ұйықтау ақыл-естің кемдігіне әкелетінін дәлелдеген. Ұйқы біздің өмірімізде маңызды рөл атқарады. Сондықтан режимді сақтауға тырысыңыз. Күнде бір уақытта жатып, бір уақытта тұрыңыз. Ұйқы гигиенасын сақтаңыз. Егер ұйқысыздық мазаласа, онымен күресудің әдістерін байқап көріңіз. Ұйықтарға 1 сағат қалғанда телефонды тастаңыз және теледидарды сөндіріңіз. Ұйықтар алдында қарсы көрсетілім болмаса түймедақ шайын ішіп алыңыз. Сондай-ақ медитация және созылу жаттығуларын жасау пайдалы. Бастысы, ұйықтауға ерте жатыңыз.
Тіс саулығына мән беріңіз
Ауыз қуысы жағдайына күтім жасау арқылы деменцияның алдын аласыз. Себебі тіс гигиенасын дұрыс сақтамайтын адамдарда когнитивті бұзылыстармен байланысты Porphyromonas Gingivalis бактериялары болады. Сондықтан тіс дәрігеріне уақытылы қаралып, тістеріңізді емдетіңіз.
Оқи отырыңыз: Дәрігер онкологияға әкелетін әдеттерді атады
А. Жапатова