- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бұл жігіттерге не...
Бұл жігіттерге не болады? - депутат әскерден "қашып" жатқандар туралы
Сенат депутаты Сергей Ершов әскерге шақырылушылардың Солтүстік Қазақстан облысынан көрші Ресей Федерациясына ұшып жатқаны туралы мәселені көтерді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сенатор бұл ақпарат кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында пайда болғанын айтты
"Жақында БАҚ-та әскерге шақырылушылар әскер қатарына бармау үшін Солтүстік Қазақстаннан Ресейге қашып жатқаны туралы ақпарат шықты. Мысалы, бүгінде көрші мемлекет аумағында көктемде шақырылуы керек 250-ге жуық әскерге шақырылушы бар. Прокуратура өкіліне сұрағым: шынында да солай ма? ...Бұл жігіттерге не болады" - деп сұрады комитет отырысында сенатор Ершов.
Бас әскери прокурордың бірінші орынбасары Мақсат Қазиевтің айтуынша, қадағалау органы мен Қорғаныс министрлігі бұл жағдайдан хабардар, олар өз өкілеттіктері шеңберінде жұмыс істеп жатыр.
"Бастапқы кезеңде 120 адам - Ресей Федерациясында оқитын студенттер (екені нақтыланды - еск.). Егер оларда, шынында да, оқитыны туралы құжаты болса, кейінге қалдырылады", - деп түсіндірді бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.
Ал ешқандай жерде оқымайтындардың Қазақстан аумағында болған кезде әскерден жалтарушылар ретінде танылу қаупі бар екен.
"Олар бәрібір келеді (үйге - еск.), көші-қон туралы заң бар ғой. Оларды мұнда әкелуге міндеттеуге құқығымыз жоқ. Олай болмайды", - деді бас әскери прокурордың бірінші орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін Қазиев 2020 жылдан бастап 270 қазақстандық әскери қызметші қайтыс болғанын мәлімдеген болатын. Оның ішінде 78 жауынгер 2020 жылы, 96 жауынгер 2021 жылы, 85 жауынгер 2022 жылы өмірден өткен. Биыл жыл басынан бері 11 қорғаушы қайтыс болды. Бұл ретте барлық өлімнің 36 пайызы ауруға, 24 пайызы жол-көлік оқиғаларына, 20 пайызы суицидке байланысты болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова