- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бренд алғанның бәрі...
"Бренд алғанның бәрі бай емес, базардан киінгеннің бәрі кедей емес". Қымбат брендтер сапа ма, әлде мақтан ба?
Қазір кез келген адам қымбат брендке әуес. Тіпті бөліп төлеу арқылы люкс зат алатындар бар. Алайда Chanel мен Dior-дан алған заттар сапа ма әлде мақтан ба? Шынында, бренд заттар көшірмеге қарағанда сапалы бола ма? Қазақстанда брендке әуес жұлдыз бар ма? Massaget.kz тілшісі бұл сұрақтар аясында стилист Бұлбұл Қалқанбаевамен сұхбаттасты.
Шоу-бизнес өкілдерінің арасында бренд заттарға әуес жұлдыз көп. Солардың бірі - Ерке Есмахан. Өнер иесі жақында туған күніне сыйлық ретінде алған қымбат заттарын көрсетті. Әншінің достары оның талғамына сай, Chanel, YSL бренд сөмкелерін сыйлаған.
Әдетте блогерлер шетелге саяхаттағанда қымбат заттармен оралмай қоймайды. Мәселен, бизнес тренер, коуч, ментор Балқия Балтабай Дубайға барған сайын шоппинг жасайтынын айтты. Оның айтуынша, ол жақта таңдау көп. Ал оның сүйікті бренді - Louis Vuitton.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал блогер Дәмелі damelya_sw сүйікті сөмкелерін көрсетіп, видео түсірген. Бір қызығы, сөмкенің барлығы - люкс бренд.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бастысы - талғам"
Стилист Бұлбұл Қалқанбаева қымбат брендсіз-ақ сәнді көрінуге болатынын айтты. Оның айтуынша, образ таңдаудағы ең басты мәселе - талғам.
"Люкс брендтер - Chanel, Dior, Balenciaga, Prada. Бұл люкс брендтен киім алмай-ақ, сапалы да үйлесімді киінуге болады. Тіпті базардан да жақсы киінуге болады. Бастысы - талғам. Dior мен Prada-ға малынған қаншама келіншекті көрдім. Бірақ талғам қалыптаспағандықтан, әдемі үйлестіре алмаған. Стилінде көзді ауыртатын дүние көп. Сондықтан бұл жерде мәселе брендте емес, үйлесімді киіне білуде", - дейді стилист.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бренд алғанның бәрі бай емес, базардан киінгеннің бәрі кедей емес"
Стилистің айтуынша, үйлесімді киіну үшін уақыт қажет. Ал люкс брендтерге әуесқойлық "ішкі күймен" байланысты. Адам қымбат зат алу арқылы өзін жақсы сезінеді.
"Үйлесімді киіну - талғам жаттықтыру, көзді үйрету. Ешкім талғаммен дүниеге келмейді ғой. Ешкім спортшы болып тумайды, екі сағат спортпен айналыссаңыз да, бірден спортшы болып кетпейсіз. Сол сияқты люкс брендтен киім алсақ, бірден күшті болып кетпейміз. Люкс бренд - ішкі күй. Кей адамдар базардан киім ала алмайды, жақсы жерден киінгісі келеді. Мықты сауда үйіне кіріп, сол жердің атмосферасын сезіну оларға маңызды. Сондықтан олардың құндылық деп ойлайтын маңызды нәрселерін жоққа шығарып, құнсыздандыра алмаймыз. Біреуге базардан алған жайлы, ал біреуге Esentai Mall-дан (Алматыдағы сауда үйі - еск.), Түркия, Қытай, Милан не Парижден алған маңызды. Бренд алғанның бәрі жаман емес, ал базардан киінгеннің бәрі кедей емес. Сондықтан "бірнәрсенің артынан қуалау дұрыс не бұрыс" деп айта алмаймыз. Адам заманына, көрпесіне қарай көсіледі ғой. Бренд зат алуға жағдайыңыз жетіп жатса, Esentai-ға емін-еркін кіріп, 4-5 миллион теңгеге сауда жасап кететіндей жағдайыңыз болса, неге алмасқа?" - дейді ол.
Люкс брендтер тренд қалыптастырады. Бұл - оның масс маркеттен басты айырмашылығы.
"Әрине, брендтің сапасы жақсы болады және олар кез келген трендті қалыптастырады. Заманауи үлгі мен сәнге сай етіп тігіледі. Ал масс-маркет, базар мұны қайталайды. Көп қыз алдыңғы қатарда болғанды қалайды емес пе?! Ішкі жан дүниесін реттегісі келеді. Жалпы, ішкі күйінде гармония бар әйел бақытты болады. Бала-шағасына жылулық сыйлайды, жолдасына қолдау білдіреді. Бірақ бренд алмадық екен деп, қапаланудың қажеті жоқ. Барынша қолжетімді, сапалы, киіммен де әдемі көрінуге болады", - дейді Бұлбұл Қалқанбаева.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қазір Kaspi Red-пен киім алатындар көбейді. Стилист қандай да бір затты бөліп төлеуге қатты мұқтаж болғанда ғана алуға кеңес берді.
"Kaspi Red-пен бренд алып киінетіндерді құптамаймын. Өзіңде жоқ нәрсені қиналып, бар етіп көрсету - өзіңді алдау. Бірақ сапалы қыстық аяқкиімді, күртешені бірден алуға мүмкіндік болмаса, яғни нағыз керек затты, онда бөліп төлеуге неге алмасқа?!" - дейді стилист.
"Репликаны құптамаймын"
Стилистің айтуынша, реплика (түпнұсқа көшірмесі - еск.) орнына "менмұндалап" тұрмаған, "ноунэйм" заттар алған дұрыс.
"Бренд заттардың сапасы репликадан қарағанда сапалы болатыны анық. Жалпы, өз басым реплика алуға рұқсат бермеймін. Бұл "кедейдің кербезі" деп ойлап қалмаңыздар. Реплика алғанша, базардан "менмұндалап" тұрмаған, ноунэйм" (ешқандай жазуы жоқ - еск.) заттар алған дұрыс. Базарға барып, Chanel, Dior сөмке алу, "мен Chanel ұстап жүрмін" деп бай болып көріну, жоқ болса да бар етіп көрсету - өзіңді алдау. Сондықтан репликаны құптамаймын. Негізі, өзім люкске малынып отырған стилист қатарынан емеспін. Стилистер ортасында люкс бағаланатын болғандықтан, сән апталығында фотографтардың объективі үстіңнен люкс киім, атақты бренд іздегендіктен, әрине, люкс киіп баруға тура келеді. Алайда әркім көрпесіне қарай көсіледі ғой, сондықтан мүмкіндігінше бренд артынан жүгірмей, образыңыздың стиль градусын көтеру үшін бір бренд сөмкеде тұрған ештеңе жоқ", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек