Бір отбасының өлімі: Сұлтан Сәрсемәлиев алтындарды ломбардқа өткізген видео тарады

Атырауда бір отбасының өліміне қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Айыпталушы - марқұмдардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сотта Сұлтан Сәрсемәлиев алтын әшекейлерді ломбардқа тапсырған сәт бейнеленген видео көрсетілген.

"Ақ Жайық" басылымының мәліметінше, Сұлтан Сәрсемалиев екі алтын сақинаны өткізіп, ақша алған. Видеода бұйымдардың бағасы талқыланады. Бір сақина шамамен 46 мың теңгеге, екіншісі шамамен 47 мың теңгеге бағаланған. Жалпы сомасы 100 мың теңгеге жуықтайды.

Айта кетейік, бүгін сотта марқұмдардың малы қалай сатылғаны да айтылды. 

Атырау облысында жоғалған отбасының ісі

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды:

  • 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
  • 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
  • 35 жастағы қыздары Мейрамгүл Қарабалина;
  • 32 жастағы ұлдары Наурыз Мұқанғалиев.

Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

Атырау облысы ПД

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Tengrinews.kz

Күдікті туралы

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

qamqor.gov.kz

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызын Индонезияда ұстағаны белгілі болды. 

Кейінірек ІІМ баспасөз қызметі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты Қылмыстық кодекстің мына баптары бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады:

  • 99-баптың 2-бөлігі 1 және 13-тармақтары - "Екі немесе одан да көп адамды өлтіру";
  • 188-баптың 2-бөлігі - "Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық";
  • 190-бап - "Алаяқтық".

Сот отырысы

2026 жылы 18 мамырда атышулы іс бойынша сот отырысы басталды. Сот отырысы барысында прокурор Мирас Бауыржанов айыптау актісін оқыды.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз