Адамдар түрлі жағдаймен физикалық белсенділікке уақыт бөлмеуі немесе оны тоқтатуы мүмкін. Мысалы, біреулер жұмысына байланысты уақыт таба алмайды, басқалар оны әдетіне айналдыра алмай жүр. Ал тағы біреулер жарақат алғаннан кейін немесе қандай да бір аурудан соң дәрігер кеңесімен ағзаның қалыпқа келгенін күтеді. 2-3 апта жаттықпау қандай да бір айтарлықтай өзгерістер туындатпайды. Алайда егер бір жыл бойы спортпен айналыспаған болсаңыз, ол күтпеген салдарларға әкелуі мүмкін.
Төзімділік төмендейді
Жаттығулардың болмауы ең алдымен дененің төзімділігіне әсер береді. Бұлшықет күшіне қарағанда ол сезімтал келеді. Мысалы, бұлшықеттер бұрынғы массасын ұзақ уақыт бойы жоғалтпайды, ал дененің төзімділік көрсеткіші аз уақыт ішінде түсіп кетеді. Тіпті, спортсыз екі аптадан соң үйреншікті жүктеме ауыр секілді көрінеді. Мысалы, баспалдақпен көтерілгенде демікпе пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ спортсыз қан тұтқыр болып кетеді. Бұл жүрек-қан тамырлар жүйесінің жұмысын бұзады. Тіндер мен органдарға оттек баяу жете бастайды.
Тастаған салмағыңыз қайта оралады
Егер спортпен артық салмақ тастау үшін және дене тонусын қайтару үшін айналысқан болсаңыз, бір жыл жаттықпау тастаған салмағыңыздың қайта оралуына әкелуі мүмкін. Спортсыз тастаған салмағыңызды ұстап тұру қиын болады. Себебі физикалық жүктеме көбірек калория жағуға көмектеседі.
Зат алмасу баяулайды
Зат алмасуға ағзаның тіршілігін сақтайтын көптеген әртүрлі процестер кіреді. Жүйелі түрде жаттығу митохондрияларды қарқынды жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Солайша, зат алмасу жылдамдайды және май жағу процесі іске қосылады. Адамның өмірінде спорт жоғалған кезде кері процесс іске қосылады: митохондриялар жұмысы әлсірейді, ал зат алмасу баяулайды. Бұл дене сапасына әсер береді: тері құрғақ болып кетеді және қабыршақтанады, шаш түседі, тырнақ сынғыш болады, есте сақтау нашарлайды және ұйқышылдық пайда болады.
Шаршаңқылық пайда болады
Жүйелі түрдегі физикалық жүктемелер - біздің психикамыздың тұрақты болуының кепілі. Бір толыққанды жаттығу жүйке жүйесін тыныштандыра алады және бақыт гормондарының белсенді бөлінуін ынталандырады. Бір жыл бойы спортпен айналыспасаңыз, бұл сіздің менталды саулығыңызға айтарлықтай әсер береді: шаршаңқылық оралады, себепсіз тітіркену пайда болады, күнделікті істерді әрең орындайсыз.
Бұлшықеттер бұрынғы тонусын жоғалтады
Біздің денеміздің ерекше қабілеті бар: ол кез келген жүктемеге бейімделе алады. Күштік жаттығулардың арқасында бұлшықеттер жұмысын біраз қатайтуға болады. Бірнеше апта жаттықпау бұлшықеттер көлеміне әсер ете қоймайды. Бірақ бір жыл спортпен айналыспау бұлшықеттер атрофиясына, яғни бұлшықет тіндерінің әлсіруіне немесе жоғалуына әкеледі. Оның көлемі азайып кетеді және бұрынғы күшін жоғалтады.
Оқи отырыңыз: Бір апта ет жемесе не болады?