- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Болашақта несие картасы...
Болашақта несие картасы қолданылмайды
Diebold компаниясы несие карталары арқылы қаржы операцияларын орындау үшін терілетін Pin-код орнына адам көзінің қарашығын сканерлейтін банкомат шығарды. Қазіргі таңда жобаға тапсырыс берген Citigroup қаржы компаниясы банкоматтарды сынақтан өткізіп жатыр.
Инновациялық банкоматтар идеясын дамытқан Irving технологиясы дәстүрлі банк қызметінің жүйесін түбегейлі өзгертпек. Болашақта несие картасы да қажет болмайды. Қолданушының қолында картаның сканерленген нұсқасы бар гаджет болса болғаны. Одан бөлек, банкоматтағы пернетақта қолданыстан шығады. Себебі қажет соманы смартфон арқылы көрсетуге мүмкіндік болады.
Citigroup компаниясы ұсынатын жаңа жүйені пайданалу үшін кез келген адам арнайы банк қосымшасын мобильді аппаратына жүктеп алуы тиіс болады. Содан кейін жақын жердегі банкомат мекенжайын тіркеп, қажет соманы енгізеді. Сосын банкомат алдына барып, көзінің қарашығын сканерлейді. Егер барлық жеке ақпарат расталса, сұралған ақша беріледі.
Бұл әрине ең қауіпсіз жүйелердің біріне айналатыны рас. Себебі адам көзінің нақты көшірмесін жасау әзірге мүмкін емес.
Ж. Өрісбай