Әрбір ата-ана өз перзентін қамқорлығына алып, бар махаббатын көрсетуге тырысады. Тапқанының барлығын үйіп-төгіп алдына қойып, қалағанын бұлжытпай орындағаннан кейбір балалар тым еркелеп, қиғылық салып жатады. Өзгені тұрмақ, туған ата-анасын тыңдамайтын болады. Кейін ата-ана тым ерке баласының мінезін қалай басуға болатынын білмей, әлекке түседі. Мұндай кезде қалай әрекет ету керегін психикалық талдау бағытындағы қазақстандық психолог Эльвира Қасым Massaget.kz тілшісіне айтып берді.
Психолог ең алдымен баланың тым ерке болып өсуінің себебін түсіндірді.
"Қазіргі кезде жас ата-ананың арасында бала кезде қалыптасқан "психологиялық жарақат" түсінігі танымалдылыққа ие. Мен баланың тым ерке болып өсуін "баламды ешқандай психологиялық жарақатсыз өсіремін" деген ата-ананың іс-әрекетімен байланыстырамын. Бала маған тәтті кәмпит ұнады, мен мұны дәл қазір жеуім керек деп ойлайды. Психологияда кідіру деген сөз бар. Ата-ана баласына кез келген шешімді қабылдамас бұрын ойланып, кішкене кідіру керегін түсіндіру қажет. Егер ата-ана бала кезінде өзі көп фрустрация көрген болса, баласын қай кезде жөнге салу керегін білмейді", - деді ол.
Фрустрация дегеніміз қажеттілік пен тілекті қанағаттандыру мүмкін емес жағдайда пайда болатын психикалық жағдай.
Маманның айтуынша, баланың еркелігін басу үшін шара қабылдар алдында оның жас ерекшелігіне мән берген жөн.
"Егер бала әлі 2 жасқа толмаған болса, оның жылауы өзіне қажеттіліктің сұранысы ретінде жүреді. Анасы бала жыламай тұрып, алдын алып жылдам әрекет етуге тырысу керек. Сондай-ақ, осы кезеңде ана да мазасыз болса, ол өз кезегінде балаға да әсер етеді", - дейді психолог.
Психолог баланың жылауына мән бермеу арқылы перзентінің миында қате түсінік қалыптастыратынын жеткізді.
"Кейде ана сәбиінің жылағанына аса мән бермей, оны ығыстырып қоюы да мүмкін. Мұндай жағдайда егер бала 2 жасқа толмаған болса, өз қажеттіліктері орындалмағанын түсінген бала өзін тастап кеткендей сезімге түсіп, қиялында "мен анама керек емеспін, мен ашуланамын" деп ойлайды. Сондықтан ана ең алдымен ара-жігін ажыратып алу керек.
Оған қоса 3 жасқа толуға аз уақыт қалғанда балада дағдарыс басталады. Бұл кезде ата-ана барынша төзімді болуы шарт. Себебі, дәл осы кезеңде баланың "мен өзім" деген түсінігі қалыптасады", - деп түсіндірді Эльвира Қасым.
Кейбір ата-аналар баласының түрлі қылығынан шаршап, жылап жатса да "өзі басылады" деп шарасыз күтеді. Психологтың сөзінше, бұл қате шешім. Дегенмен маман бірден баланың дегеніне көнбеу керегін де ескертті.
"Ерке бала жылап, қалағанын істетуге тырысқанда оның сұрағанына толыққанды кірісіп кетпеу керек, сондай-ақ баланы "өзің тынышталасың" деп тастап кетуге де болмайды. Оның өз сезімін сезінуге және кері түсіндіруге тырысу керек. Себебі, балаға ес кіріп, "өзім" дегені қалыптасқанша бала анасын өзінің жалғасы ретінде көреді. Сондықтан бала қыңырлығын көрсетіп жатқанда ана оған сезімдерін атап, түсін түстеуге үйрету керек. Осы әрекет оған жақсы көмектеседі. Мысалы, анасы мен баласы дүкенге барды, бала дүкеннен ойыншық көріп алғысы келеді. Анасы ол ойыншықты сатып алудан бас тартса, бала жылап, дүкенді басына көтеріп шыңғырып, жылауы мүмкін, мұндай кезде ойыншықты бірден әперуге болмайды және оны күшпен басуға тырысуға да болмайды. Оған жай, баппен мән-жайды түсіндіру керек", - дейді психолог.
Кей жағдайда баланың ересек адамға түсініксіз қылығы психикалық туабіткен ерекшелігін білдіруі де мүмкін, мұны бей-жай қалдыруға болмайды.
"Кейде баланың өзінің психикалық туабiткен ерекшеліктері болады. Ең алдымен, осыны анықтап алу қажет. Бала тым ерке деген нұсқаны ғана қарастыру дұрыс емес. Егер баланың психикасында қандай да бір мәселе бар болса, уақытылы ем қабылдау керек. Мысалы, кейбіреулер баладағы назар тапшылығының бұзылуы, аутизм белгісін де ерке бала деп қоя салуы мүмкін. Сондықтан оның психикасында қандай да бір ерекшеліктің бар-жоғын білу керек", - деді ол.
Эльвира Қасым тым ерке баланың болашақта қандай адам болатынына да тоқталды.
"Жалпы ерке бала өскенде қатыгез болады деген түсінік жоқ. Әр бала өзі жеке тұлға, қалыптасуы да әртүрлі болады.
Ал баланы қатты еркелетіп, бар айтқанын орындау, психологиялық жарақатсыз өссінші деп әрекет ету ақыр соңында ересек шағында да тәуелді адам болуына әкеп соқтыруы ықтимал. Мысалы, психикалық аурудың бірі маниялық белгілер көбеюі мүмкін. Сондықтан баласын тым еркелететін аналар баласының болашақта құмар ойынға салыну ықтималдылығы жоғары екенін білуі керек", - деді психолог.
Психолог ата-аналарға кеңес берді.
"Ата-ана баласына сәл кідіре тұр деген сөзді көбірек айтқаны дұрыс. Себебі, адам балалық шағында қолы жетпеген затты ержеткенде одан да мықты етіп алуға тырысады. Бұл адамның психологиясында қалыптасқан мінез-құлық. Ата-ана бірінші кезекті осыны өзі түсінуі қажет", - деп қорытындылады маман.
Айта кетейік, бұған дейін отбасыда жалғыз өскен балалар қандай болатыны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Орғасырлық авторлар Қазақ хандығының құрылуы туралы не деп жазған?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!