Отбасыда жалғыз өскен балалар қандай болады?

Отбасыда жалғыз өскен балалар қандай болады?
Фото: Maxime Bhm, Unsplash.com

Ағасы және әпкесі жоқ отбасыда жалғыз өскен балалар ерке және өзімшіл болады деп саналады. Ол шынымен де солай ма? Соңғы зерттеулер бұл пікірдің тым асыра айтылғанын көрсетеді. Ендеше, мұндай стреотип қайдан шықты?

XIX ғасырда американдық мұғалім Юджин Боханнон 200 адамнан алынған сауалнаманы жария етті. Ол кез үшін бұл зерттеу жүргізудің жаңа түрі болатын. Ол зерттеуге қатысушылардан олар білетін барлық балалардың мінездерінің ерекшеліктері жайлы айтуды сұрайды. 196 қатысушы отбасыдағы жалғыз балаларды ерке деп сипаттаған. Ал Юджиннің әріптестері болса, зерттеу нәтижесімен келіседі. Осыдан кейін отбасыдағы жалғыз бала — «жаман» деген идея қоғамда кең тарап кетеді.

Оған қоса, ХХ ғасырдың басында баланы ағасыз және әпкесіз тәрбиелеу оларды өте сезімтал етеді деп саналған. Ата-аналар өздерінің барлық уайымдары мен қорқыныштарын бір балаға ғана жібереді, ол оны өте сезгіш етеді. Бірақ психолог Тони Фальбо бұл мәлімдемені жоққа шығарды. 1986 жылы Тони осы тақырыпта жүргізілген 200 зерттеуге шолу жасайды. Сол кезде ол жалғыз өскен бала мен ағасы және әпкесі бар балалардың арасынан нақты айырмашылықтар таппайды. Бірақ отбасыдағы жалғыз балалардың өз әке-шешелерімен эмоциялық байланысы берік болатынын байқайды.

Бұл шешімді 2018 жылы Франкфурт қолданбалы ғылым университетінің зерттеушілері Андреас Клок пен Свен Штадтмюллердің зерттеуі де дәлелдеді. Олар көп балалы отбасыдағы тұңғыш бала мен жалғыз баланың мінездерінің ерекшеліктерін анықтау үшін шамамен 10 000 неміс оқушыларының динамикалық мәліметтеріне анализ жүргізген.

Бұл тәжірибеде сондай-ақ олардың ата-аналарымен ара-қатынасының сапасы да зерттеледі. Бұл көрсеткіш бала ата-анасына күрделі және маңызды сұрақпен қаншалықты оңай бара алатынымен өлшенді.

Нәтижесінде, 25% отбасыдағы жалғыз балалар ата-анасымен қатынасын позитивті санаған. Солай жауап берген тұңғыш балалар аздау болды. Ал ата-анасына жақындық бойынша, үшінші орында екінші балалар тұрса, ең соңғы орында кенжелер болған.

Ата-анасымен тығыз байланысына қарамастан, отбасыда жалғыз өскен көпшілік бала ол туралы өкінеді. Оны 2001 жылы Лисен Робертс пен Присцилла Блантон анықтайды.

Жалғыз балалар ымыраға келуге онша бейім емес екенін дәлелдеген зерттеулер де бар. Психолог Цзян Цю бастаған зерттеушілер тобы ағасы немесе әпкесі жоқ 126 студентке және ағасы немесе әпкесі бар 177 студентке сауалнама жүргізеді. Олардың ойлау қабілеттері мен тұлғалық қасиеттері бағаланды. Отбасыдағы жалғыз балалар төзімділік тестінде нашар нәтиже берді.

Сондай-ақ студенттерді шығармашылық тест өтуін сұрайды. Олар күнделікті заттарға көбірек ерекше қолданыстар ойлап табуы керек болды. Мысалы, консервіленген құты. Отбасыдағы жалғыз балалар проблеманы шығармашылық тұрғыдан жақсырақ шеше алған. Бұл олардың ағасы және әпкесі болмайтындықтан, тек өзіне сену керегімен байланысты болуы мүмкін. Сондықтан олар кішкентай кезінен бастап өнертапқыш келеді.

Баланың аға-әпкесі болмаса да, оның әлеуметтік және когнитивті қабілеттерін дамытудың басқа да мүмкіндіктері бар. Мысалы, балабақшада басқа балалармен араласу оның коммуникативтік дағдыларының дамуына ықпал етеді.

Бір баланы өсіріп отқан ата-аналар оны ойыншықтарымен, кітаптарымен және ересектер зейінімен бөлісуге үйрету үшін көбірек тырысуы керек болады. Десе де, отбасыдағы бала санының әсері үйде тыныш орта мен махаббатқа толы атмосфераны жасаудан маңызды емес.

А. Жапатова