“Болашақ“ грантын ұтқандарға шетелде ақша жетпей ме? Келесі жылы шәкіртақы өсуі мүмкін

Келесі жылы "Болашақ" бағдарламасы бойынша шәкіртақы өсуі мүмкін. Бұл туралы Халықаралық бағдарламалар орталығы басқарма төрағасының орынбасары Абай Рахмет айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Абай Рахметтің сөзінше, қазір шәкіртақы көлемін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Ол бағдарлама бойынша төлем мөлшері 15 жылдан аса уақыт бойы өспегенін, ал әлем бойынша инфляция артып бара жатқанын мәлімдеді.

"Біздің стипендиаттар оқуға отбасыларымен де бірге барады. Кейбір елдер мен қалаларда шәкіртақы жеткіліксіз. Сондықтан бұл мәселе қарастырылып жатыр, келесі жылға қарай нақты шешім белгілі болады", - деді ол Үкіметте.

Абай Рахметтің пікірінше, "Болашақ" - стипендиаттардың барлық дерлік шығынын өтейтін бірегей бағдарлама.

"Бағдарлама оқу ақысын, ұшу билетін, медициналық сақтандыруды, визалық шығынды, сондай-ақ, ай сайынғы шәкіртақыны қамтиды. Бұл - азаматтарымыз үшін сапалы халықаралық білім алуға берілген үлкен мүмкіндік", - деді орталық өкілі.

Оның айтуынша, шәкіртақы мөлшері оқитын ел мен қалаға байланысты. Мәселен, Нью-Йоркте шәкіртақы шамамен 2 200 доллар болады, ал АҚШ-тың басқа штаттарында бұл сома төменірек.

Қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі - тағайындалатын шәкіртақы санын азайтып, үнемделген қаражатты ай сайынғы төлемді арттыруға бағыттау.

"Ел мен қалаға байланысты шәкіртақы көлемі шамамен 10-15 пайызға дейін өсуі мүмкін. Кейбір елдер мен қалаларда бұдан да жоғары болуы ықтимал", - деді Абай Рахмет.

Еске салайық, бұған дейін депутат "Болашақ" грантын алғандарды ашық жариялауды талап етті.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!