БҚО-да құтқарушы пышақталған. Министрлік пікір білдірді

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Батыс Қазақстан облысында құтқарушының қалай пышақталғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Министрдің орынбасары құтқарушыға пышақ жарағатын салғандар мас болғанын жеткізді.

"Өкінішке қарай, халыққа көмекке келген құтқарушылардың арқасына пышақ сұғатын адамдар бар екен. Батыс Қазақстан облысында 2 құтқарушы өзен жағасына барып, адамдарды жағаның екінші жағына қайықпен бағыттап тұрған.

Оларға 2 жергілікті тұрғын жақындап, ілік іздей бастаған. Әупірімдеп ымыраға келгеннен кейін, әлгі екеу кетіп бара жатып құтқарушылардың бұл жақта қанша уақыт болатынын сұрайды.

Олар "Біз бұл жерде аптаның 7 күнінде, тәуліктің 24 сағатында осы жерде боламыз" деп жауап берген. Кешке әлгі екеу ішіп алып, мас күйінде қайта келеді де төбелес бастап кетеді. Осы уақытта біреуі құтқарушыға пышақ сұғып алады", - деді Бауыржан Сыздықов Үкіметтің баспасөз орталығында.

Вице-министр жарақат алған құтқарушының қазіргі жағдайын айтты.

"Қызметкеріміз ауруханада жатыр. Оның жағдайы тұрақты. Дәрігерлер жақсы болып кетеді дейді. Заң бұзғандар ұсталды. Олар кінәларын мойындады", - деді ол.

Еске салайық, 1 сәуірде БҚО-да тұрғындарға көмектесуге барған құтқарушыны пышақтап кеткені хабарланған болатын. 

Оқиға Казталов ауданы Жалпақтал ауылының маңында болды.

Жедел деректер бойынша, жергілікті тұрғындарға көмек көрсету бойынша су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу барысында Қараөзен өзенінің жағасында 1998 жылы туған азаматтық қорғау сержанты жараланды. Ол аудандық ауруханаға кеуде аймағында екі пышақ жарақатымен жеткізілді. Науқас дәрігерлердің бақылауында.

Полицияның мәліметінше, шабуылдаушы ішімдік ішкен күйінде болған. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Аяз Есен

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз