- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бишімбаев ісі арқылы...
Бишімбаев ісі арқылы танылған үш адвокат та тегін қорғап жатыр - Дана Әтешова
Бишімбаев ісі арқылы танылған адвокаттар Дана Әтешованың мүддесін тегін қорғайды. Бұл туралы Әтешованың Massaget.kz тілшісіне берген сұхбатында белгілі болды.
Марат Әйтенов Дана Әтешова мен балаларын күшпен үйден шығарып жібергені қоғамда резонанс тудырғаннан кейін істі елге танымал адвокаттар қолға алғаны белгілі. Олар ақы сұрамай, тергеу процесіне белсене араласып кеткен.
"Жанна Оразбахова, Дамир Ишмаметов, Әлия Омарова секілді адвокаттар бұл іске тегін кірісті. Көп рақмет айтқым келеді", - деді Дана Әтешова.
Марат Әйтеновке қарсы істе Дананың мүддесін қорғап жатқан адвокаттардың бірі Дамир Ишмаметов қазіргі жағдай туралы айтты.
Адвокат қазір тараптар істің барысымен танысып жатқанын, Қылмыстық кодекстің 109-бабы (Ұрып-соғу) бойынша сотқа жіберілетінін мәлімдеді.
"Әріптестерімізбен Дананың мүддесін ( pro bono - қайырымдылық, қоғамдық және өзге де коммерциялық емес ұйымдарға өтеусіз негізде кәсіби көмек көрсету) ақысыз негізде қорғаймыз. Балалар әкесінің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккенін көргенде бей-жай қарай алмадық. Дана қазір заңға сәйкес некеде тұрған кездегі мүлікті бөліскісі келеді", - деді Дамир Ишмаметов.
Дана Әтешова бизнес санаттағы 4 бөлмелі пәтерді неліктен алмағанын келесі материалдан оқи аласыздар.
Айта кетейік, Нүкеновтердің мүддесін қорғаған Жанна Оразбахова, Әлия Омарова, Дамир Ишмаметов секілді адвокаттар Бишімбаев ісінде жеңіске жетіп, Бишімбаев 24 жылға, Байжанов 4 жылға сотталған еді.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы бұрынғы әйелі мен үш баласын үйінен күштеп қуып шыққаны туралы видео тарап кетті. Бұл уақытта полиция оқиғаны көшеде бақылап тұрған.
"Ең сорақысы әйелді шашынан сүйреп, күш қолданғанда, бәрін полицейлер камераға түсіріп тұр", - деп жазылған жазбада.
Дана Әтешова бұл жағдайдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан өзіне және балаларына көмектесуін өтініп, үндеу жасады. Ал Астана полициясы Әйтенов отбасын үйінен қуып шыққан шулы видеодан кейін тергеу жүргізілгенін хабарлады. Кейін Шымкентте экс-әкімнің ағасы Марат Әйтенов ұсталды.
Даулы оқиғадан соң сот шешімі шығып, әйелін балаларымен үйінен қуып шыққан Марат Әйтенов 5 тәулікке қамауға алынды.
Сонымен қатар, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева жағдайға қатысты пікір білдіріп, балалар қорғауға алынғанын айтты.
Кейінгі кезде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегінің қатары көбейіп бара жатыр. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық әкімшілік құқықбұзушылық 90 пайызға көбейіп кеткен. Былтыр Қазақстанда тұрмыстық зорлықтан 69 әйел, 7 бала қайтыс болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова