10 мамырда басталған негізгі ҰБТ-ны 340 мыңға жуық түлек тапсырған. Талапкерлердің 73 пайызы тестті қазақ тілінде, 27 пайызы орыс тілінде, 522 адам ағылшын тілінде тапсырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жоғары балл жинаған кім?
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, жетінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл - 66 балл. Ең жоғары нәтиже - 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады.
Қанша адам тесттен шеттетілді?
ҰБТ өткізілген жеті аптада ереже бұзылған 715 дерек анықталған. 422 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тесттен шеттетілген. Тағы 286 адам тест кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижесі жойылған.
Бейнежазбалар тексерілген соң ереже бұзған 7 адамның нәтижесі жойылды.
Айта кетейік, ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбалар талданады. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу дерегі анықталған жағдайда ҰБТ нәтижесі жойылады.
Еске салайық, жуырда бейнежазба тексерілгеннен кейін бір түлектің ҰБТ нәтижесі жойылған еді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова