"Белді таянба!" деген ырымның астарында не бар?

"Белді таянба!" деген ырымның астарында не бар?
Фото: Болат Айтмолда / Massaget.kz

Қазақтың әрбір ырым-тыйымында тәрбиелік мән-мағына жатыр. Дегенмен кейбір үлкендер балаға тыйым салған кезде, оның мәнін түсіндіре бермейді. Соның бірі "беліңді таянба" деген сөз тіркесі. Бұл тыйымның астарында не бар? Мағынасын этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне түсіндірді.

Болат Бопайұлының айтуынша, белді таяну тәкәппарлық саналады.

"Қазақ белін таянып, шіренбейді. Ол астамдық, тәкәппарлық, жаман әрекет болып саналады. Бұрын долы, ашушаң, ұрысқақ әйелдер бүйірін таянып, қарғыс айтатын болған. Сондықтан осындай сөлекет көрініс жасау жаман ырым саналған", - деп түсіндірді этнограф.

Ал этнограф Зейнеп Ахметова бұл тыйымды жақын адамы қайтыс болғанда жоқтау айтып жылайтын әйел ғана белін таянады деп түсіндірген.

"Бір үйдің адамы қаза болғанда ол адамның жа­қын­да­ры қимастықпен егіліп, солқылдап жы­лай­ды. Мұндай кезде адамның ішкі ағза­сы­ның барлығы бірдей қозғалысқа түседі. Солқылдап жылағанда бүйрек пен бауыр созылып кетуі мүмкін. Мұның барлығы жү­рекке салмақ салады. Осындай қаза үстінде қаралы үйдің адамдары белдерін мықтап буады.

Белін мықтап буған адамның ішкі құ­рылысы жылаған кезде бос тұрмайды. Содан кейін екі иіні түсіп бүкшиіп қалмайды, өйт­кені белі буылған адамның иығы кө­те­ріледі. Екі бармақты белді буған жерге, мы­қы­н­нан сұғып отырғанда адам еңсесі түспей, тіктеле түседі. Бір жағынан, бұл - сүйеу, тіреу. Мұны үйдегі әйелдер істейді. Олар ора­малдың ішінен байлауышпен басын да мықтап байлайды. Жайшылықта бүйірді таяну жамандық шақырғанмен бірдей", - деген ол.

Айта кетейік, бұған дейін түшкіргенде неге "Аққас" деп айтылады және оның мағынасы қандай екені хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Шілдехана мен бесік тойға арналған тілектер

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә