Түшкіргенде неге "Аққас" деп айтылады және оның мағынасы қандай?

Түшкіргенде неге "Аққас" деп айтылады және оның мағынасы қандай?
Фото: benzoix/Freepik

Қазақта түшкіргенде жанындағы адам оған амандық тілейді. Амандықты әркім әртүрлі айтады. Бірі "Сау бол!" десе, енді бірі "Аққас" дейді. Бала кезден естіп жүрген "Аққас" сөзінің мағынасы қандай деп қызығып көрдіңіз бе? Этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісіне түшкіргенде бір-біріңе амандық тілеу ырымының мағынасын түсіндіріп берді.

Маманның айтуынша, бұрын қазақтар түшкірген адам Жаратқаннан бір сүйінші хабар естиді деп ырымдап, оған дұға тілеп, ізгі ниет білдірген көрінеді.

"Қазақ халқында адам түшкірсе жан бекиді, есінесе жан босайды деп ырым етеді. Сондықтан бір адам түшкіргенде қасында отырған адам "Бер тәңір жарылқай гөр", "Аққас", "Саубол" дейді. Ол түшкірген адам Жаратқаннан бір сүйінші хабар естиді деп ырымдайды да оған дұға тілеп, ізгі ниет білдіреді", - дейді Болат Бопайұлы.

Негізінен, "Аққас" сөзі "Денің сау болсын, ауырма, аман бол!" деген мағынаны білдіреді. Дәл мағынасы "Қасың ағарып қартайғанша денің сау болсын, жамандық көрме, қайғы-мұңсыз өмір сүр" дегенге саяды.

Түшкіру әдебі

ҚМДБ өкілі мәліметінше, бір мұсылман түшкірген уақытта қасында тұрған басқа мұсылман оған жақсылық тілеп, Алладан дұға сұрауы - дінімізде де мақұлданған. Осылайша, шариғатымыз түшкіру арқылы да мұсылмандардың бір-біріне деген жүректерін жақындатып қойған.

Адам түшкіргенде даусын бәсеңдету үшін аузын қолымен не киімімен жабу - сүннет саналады. Бұл ауыз қуысындағы заттардың сыртқа шашырап шығуына да кедергі бола алады. 

Сонымен қатар, 3 реттен көп түшкіру - суық тиюдің белгісі екенін ескерген жөн. Тіпті 3 рет түшкіруге байланысты хадис бар: «Бауырыңа үш рет түшкірсе дұға айт, ал одан көп болса суық тигені» (Әбу Дауд).

Айта кетейік, бұған дейін адам неге түшкіреді, есінейді, керіледі, ықылық тиетіні туралы хабарланған болатын.

Тағы да оқи отырыңыздар: Шығарманың тақырыбы мен идеясы деген не?

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Б. Жұмаділлә