Баспана жыры - қазақстандықтар үшін маңызды проблемалардың бірі. Күз басталып, студенттер Алматы, Нұр-Сұлтан секілді жастар көп жиналатын қалаларға оралды. Пәтер иелері әдетте осы уақытта үй бағасын көтеріп жіберетіні жасырын емес. Алматыда бір жылда пәтер бағасы 100 мыңға қымбаттаған. Үй иелері ақшасынан бөлек, пәтерін кім көрінгенге бере бермейді. Балалыларға, жігіттерге пәтер табу - қиын іс. Massaget.kz тілшісі студент кезінде ата-анасы пәтер сатып алып берген Милена Қалмановамен сұхбаттасып, қандай жағдайда және кімдерге пәтерін жалға беретінін сұрады.
Миленаның Әуезов ықшамауданы Тілендиев көшесінде орналасқан екі бөлмелі пәтері бар. Ол кімдерге пәтерін жалға бере алатынын айтты. Оның сөзінше, ең бірінші талап жігіттерге байланысты.
"Пәтерімді ер балаларға бергім келмейді. Өйткені кейбір ер балалар салақ. Олар жиі үй тазаламайды. Сондықтан үйдің жағдайын бұзады, оларға берген тиімсіз", - деді ол.
Милена пәтерін бірнеше баласы бар отбасылы адамдарға бергісі келмейтінін жеткізді.
"Отбасылы, сондай-ақ, екі баласы кішкентай болса немесе кішкентай баласы көбірек болса, пәтерімді бергім келмейді. Себебі балалар кішкентай болған соң үй тез шашылады, үй сирек тазаланады. Бір отбасында мектепке баратын 2-3 бала болса, пәтерді беруге болады", - дейді Милена.
Милена көп қызға пәтерін жалға бергісі келмейтінін айтты.
"Бір бөлмеде екі қыздан, екі бөлмелі пәтерде төрт қыз тұрса, беруге болады. Көп қызға да беруге қорқасың. Өйткені бірнеше қыз тұратын жерде бір-біріне сілтеу болады. "Сенің кезегің, мен істедім, сен істе" деген даудың кесірі үйге тиеді. Көп қыз тұратын жер тез шашылып кетеді, тез ластанады. Аз адам тұрған жер таза, тыныш болады. Көршілерден де шағым келмейді", - деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін қалада кімдерге пәтер жалдау қиын екенін жариялаған болатынбыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!