"Итпен болады, баламен жоқ". Қалада кімдерге пәтер жалдау қиын?

"Итпен болады, баламен жоқ". Қалада кімдерге пәтер жалдау қиын?
Фото: elements.envato.com

Алматы, Нұр-Сұлтан секілді қалаларда жылдың қай мезгілі болса да, пәтер жалдау оңай емес. Әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында пәтер іздеу процесі қыза түседі. Massaget.kz тілшісі пәтер алуда қандай қиындықтар туындайтынын жинады.

1. "Итпен болады, баламен жоқ"

Қазір жалға берілетін пәтер іздеп жүрген алматылық келіншек қандай қиындыққа тап болғанын әңгімеледі.

"Әдетте мекенжайын, бәрін келісіп алғаннан кейін ең соңында "балаң бар ма?" деп сұрайды. "Иә, екі балам бар" десең, үй иесі баламен алмайтынын айтқанын жеткізеді. Бірде үй іздеп отырып, біреуіне хабарласып, "үйленген адамдарға баламен тұруға бола ма?" деп сұрадық. "Баламен болмайды" деді. "Итпен бола ма?" деп сұрап едік, "иә" деген жауап алдық. Бірақ мұның бәрін риэлтор айтты. Демек, бұл айтылғандар - үй иесінің талабы. Бір бөлмелі қарасаң, "симайсыңдар" дейді. Екі бөлмелі қарасаң, "жарды сызады" деп ойлайды. Алайда не десе де бес жастағы бала қабырғаны сызбайды", - дейді ол.

2. Руың қандай?

Тағы бір алматылық пәтер іздегенде руға байланысты стереотип те әсер ететінін айтты.

"Бірде танысым пәтер іздеп жатқан кезде үй иесі "қай жақтансың, руың кім? Қандай адамдар тап болатынын білгіміз келеді" деп сұраған. Ол пәтерді бірінші рет беріп жатқандарын айтып, тәптіштеп сұраған. Бұл жерде халықтың стереотипі роль ойнап тұр. Біреулердің ойынша, бір ру жақсы, келесі рудың кемшілігі бар деген секілді", - дейді ол.

3. "Жігіттерге болмайды"

Алматыда студент кезінен бері тұратын жігіттің айтуынша, қазір жұмыс істеп жүрсе де, пәтер мәселесі әлі өзекті. Өйткені үй иелерінің көпшілігі пәтерін ер адамдарға бергісі келмейді.

"Телефон тұтқасын алғанда, бірден "Жігіттерге ме? Онда жоқ" деген жауап аламыз. Неге екенін түсінбеймін. Адамдардың бәрі бірдей емес қой. Ересек жігіттерден не қиындық көргендерін білмеймін", - дейді қазір Алматыда тұратын атыраулық.

Алматыда тұрғанына 10 жыл болған ақтөбелік те осындай проблема барын айтады.

"Студенттерге, оның ішінде, әсіресе, жігіттерге пәтер жалдау қиын деп ойлаймын. Себебі бұрын пәтер іздеп жүргенде қожайындар хабарландыруға үй баласыз отбасыларға не қыздарға берілетінін бірден жазып қоятын. Талай рет "жігіттерге пәтер бермейміз" дегенді естігенбіз. Жігіттерге жалға бергеннің өзінде шектеу көп. Мысалы, екі бөлмелі пәтерді төрт студент жігітке бере салуы қиын. "Екі бөлмелі үйде екі жігіт тұрсаңдар ғана беремін" деген адамдар болған. Пәтер таба алмай жүрген соң, амал жоқ, аласың. Кейін пәтер қожайыны келетін күні қалған екеуі тығылып жүретін еді. Мұндай оқиғалар көптеген жігіттің басынан өткен болар. Одан кейін қожайындар жігіттер жалға алатын пәтерді жиі тексеретін секілді. Бұл көршілерге де қатысты. Пәтерлердің бірі шулап жатса, көршінің бәрі біздің есікті қағатын. Кез келген шу болса, біз кінәлі едік. Полиция шақырған да көршілеріміз болған. Ал оларға "біз емес" деп қалай дәлелдейсің? Абырой болғанда, күнде шулайтындар бір күні ұсталып, көршілеріміз бізден кешірім сұрағаны бар", - деп еске алды ол.

4. "Атырау, Ақтаудан болсаң..."

Үй аларда иелерінің бірінші сұрайтын сауалдарының ішінде "қай жақтансың?" бар. Көпшілігінде "батыстан болса, төлей алады" деген жеке пікір қалыптасқан.

"Үй иелері әдетте қай жақтан екеніңді сұрайды. "Атырауданмын" десең бірден бұл жақсы екенін, төлейтін кезде проблема болмайтынын айтады", - дейді батыстық бойжеткен.

5. "Үш, төртеуден артық ала алмаймыз"

Ірі қалаларда пәтер жалға беретіндер қанша адам тұратынына баса мән береді. Әдетте төртеуден асса, келіспейді. Алматыда 6 жыл бойы тұрып жатқан қыздың сөзінше, жыл сайын осы мәселеге тап болады. Ал аз адам тұруға пәтер бағасы шарықтап тұр.

"Ең бірінші "нешеусіңдер?" деп сұрайды. Бірде шынымызды айтсақ, бірде жасырып қаламыз. 6-7 адам десек келіспейді. "Жұмыстамыз, кешке бір келеміз" дегенге де көнбейді. Ал 3-4 адам тұрайын десең тапқаның пәтерге кетеді", - дейді ол.

Сонымен, ірі қалалардан пәтер алғыңыз келсе, ит-мысық асырай беріңіздер, бірақ баламен қиындау болады. Оның үстіне ер адам болсаңыз да қиындау.

Қорыта келе, пәтер жалдау қиын екеніне көзіміз жетті. Алайда біз бұл жарияланымда пәтер жалдаушы тараптың пікірін білдік. Келесіде сол пәтерлерді жалға берушілердің уәжін тыңдап көреміз. Олардың да аргументі тыңдауға тұрарлықтай шығар?

Ж. Қадыржанова