- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Башқұртстандық топ The...
Башқұртстандық топ The Spirit of Tengri фестивалінде көне орыс тіліндегі әндерді орындайды
Башқұртстаннан келген "Катя Ямщикова" фолк-жобасы The Spirit of Tengri фестивалінің мерейтойлық фестивалінде өнер көрсетеді.
Башқұртстанның Мемлекеттік филармониясының солисі, көптеген халықаралық байқаудың лауреаты Екатерина Ямщикова Алматыға үшінші рет келейін деп отыр. 2015 жылы ол "Арғымақ" этно-рок тобымен арнайы қонақ ретінде келген болатын, ал 2016 жылы музыкант өзінің тобымен бірге өнер көрсеткен еді.
Музыканттар "Катя Ямщикова" фолк-жобасында әлем халықтарының түрлі инструментін және жанрларды араластыра отырып, орыстың халық әндерін орындайды. Әншінің айтуынша, әннің стилін ауыстырсаң, музыка қызығырақ болып, түрлене түседі. Сондай-ақ, әнші былтыр The Spirit of Tengri фестивалінде өнер көрсеткен соң топ музыканттарының бір жыл бойы жемісті еңбек еткенін айтып өтті. Яғни, топ мүшелерінің репертуары толығып, жаңа альбом үшін үш өлең жазған. Тағы бір өлеңге клип те түсірген екен.
"Біз The Spirit of Tengri фестивалінің мерейтойлық кешінде көне орыс тіліндегі әндерді орындаймыз. Жаңа әндер де болады, сондай-ақ, біз осыған дейін орындаған әндеріміз де айтылатын болады. Меніңше, халық бұл әндерді сүйіп тыңдайды. Былтыр фестивальден соң біз қатты әсер алған едік. Тамаша болды. Әсіресе, қазақстандықтардың бізді осылай құшақ жая қарсы алғаны ұнады. Және де сіздердің қонақжайлылықтарыңыз, таулар ұнады. Барлық музыкантымызбен бірге осы кездесуді күтіп жүрміз", - деді Екатерина Ямщикова.
Музыканттың айтуынша, ол үшін The Spirit of Tengri фестивалінің мерейтойлық кеші өткен жылдағылардан өзгеше болмақ. "Биыл өзгеше болмақ. Бұл дегеніміз музыканттардың саны артып, географиямыз кеңейтілді деген сөз. Көптеген елдер таныстырылады: Жапония, АҚШ, Африка, Алжир, Израиль, Литва. Былтыр Тываның "Хуун-Хуур-Ту" тобы мен АҚШ-тан келген DJ Карменнің өнері ерекше есімде қалды. Өте қызық болды. Енді солармен кездесуді күтіп отырмын. Сондай-ақ, Литваның Marga Muzika тобын да асыға күтемін", - деді Ямщикова.
Еске салайық, қазіргі заманғы этникалық музыканың Қазақстандағы тұңғыш халықаралық фестивалі - The Spirit of Tengri 2013 жылдың 8 маусымында бірінші рет өткен болатын. Оған 11 музыкалық ұжым қатысты. Арасында "Алдаспан", Hapanasasa топтары мен Найя, Қорлан сияқты орындаушылар болды. Фестивальді рок-сахнаның отандық ардагері - "Роксонаки" тобы ашты. Ал былтыр фестивальге 9 мемлекеттен 13 топ қатыcқан еді. Олардың ішінде: Baba Zula (Түркия), "Айирхаан" (Якутия), TRAD.ATTACK! (Эстония), Huun Huur Tu (Тыва), DJ Rizzo (АҚШ), "Арғымақ" (Башқұртстан), Екатерина Ямщикова (Башқұртстан), Tilla Török's Band & Holdviola (Венгрия), "Алдаспан" (Қазақстан), DJ Нариман Исенов (Қазақстан), "Тиграхауд" (Қазақстан), Roksonaki (Қазақстан) және Sintas (Қытай), "Барабаны Алматы" жобасы мен Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның домбырашылары.
Фестивальдің бас серіктесі - Kaspi.kz. The Spirit of Tengri фестивалі Алматыда open-air форматында Абай атындағы Республика сарайында 20-21 мамырда өтеді. Шара Алматы әкімдігінің қолдауымен өтеді. Фестивальге техникалық қолдауды KZ Sound компаниясы көрсетеді. Кіру тегін.
Г. Берік