«The Spirit Of Tengri» заманауи этника музыка фестивалі

«The Spirit Of Tengri» заманауи этника музыка фестивалі

Алматы қаласындағы «Мәдениет жылы» аясында халық өнерін кеңінен насихаттайтын небір игі шаралар мен жобалар өтуде. Соның бірі - «The Spirit Of Tengri» заманауи этника музыка фестивалі.

Бұл жоба Орта Азия халықтарының төл мәдениетін таныстыру мен насихаттауға жол ашады. Фестиваль аясында әр елдің өнерпаздары шығармашылық топтар өзара тәжірибе алмасып, қалың көпшілікті өз елінің өнерімен таныстырады.

Жоба ұйымдастырушылары фестиваль аясында фолк-музыканы заманауи бағытта орындайтын өнерпаздардың басын біріктіруді көздеуде. Фестивальге қатысушы өнерпаздар өз елдерінде ғана емес, өзге елдерде кеңінен танымал. Бүгінде фестивальге қатысуға 12 топ ниетті. Атап айтсақ, «Аргамак» (Башкортостан Республикасы), «Намгар» (Бурятия Республикасы), «Саинхо Намчылак» (Тыва Республикасы), «Хангай» (Моңғолия) және т.б. Қазақстан елінен фестивальге «Алдаспан», «Magic of Nomads», «Роксонаки» және әнші Әсем «Тенгри» жобасымен қатысады.

Бірнеше ай бойы фестиваль қатысушылары дауыс беру арқылы іріктеледі. Іріктеу көрермендер бағасы, үздіктердің хит-парады және этника музыка фестивалі сияқты үш кезеңнен тұрады. Байқау бейнебаяндарын фестивальдің Facebook әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасынан тамашалауға болады.

«Өз өнеріміздің таныстыру мақсатымен аталмыш байқауға қатысуға бел будық. Игі шара арқылы өзге елдердің мәдениетімен жақынырақ танысып, өзара тәжірибе алмаса аламыз. Өнерімізді жоғары бағалайтын тыңдармандарымыз бізге қолдау білдіріп, дауыс береді деген сенімдеміз», - дейді «Алдаспан» тобының мүшесі әрі жетекшісі Нұржан Тойшы.

Дайындаған: Ғазиза Ұзақ

Сурет:  facebook.com

Ғ. Ұзақ