Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Бұл ақпаратты бас прокурор Берік Асылов растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев ұсталып, Қазақстанға жеткізілгені туралы ақпарат тараған еді. ҚХА сессиясы кулуарында журналистер бас прокурор Берік Асыловтан Күдебаев ұсталып, Қазақстанға жеткізілгені туралы ақпаратты сұрады.
"Иә", - деп қысқа жауап берді Берік Асылов.
Күдебаев қай елден жеткізілді деген сұраққа бас прокурор: "Түркиядан", - деп жауап берді.
Артынша Күдебаев ұсталғанын Бас прокуратураның баспасөз қызметі тағы растады.
"Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы С.М. Күдебаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол 2022 жылғы қаңтарда болған оқиғалар кезінде билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны және азаптау үшін айыпталды. Сот талқылауы кезінде Күдебаев өзіне қатысты қолданылған бұлтартпау шарасын бұзып, соттан жалтарып кеткен, сол себепті қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасымен мемлекетаралық іздеуге жарияланды", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін прокурор Серік Күдебаевты 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаны хабарланған болатын. Кейін күдікке ілінген генерал Күдебаев ауруханаға түскені белгілі болды. Сондай-ақ, Серік Күдебаевқа қатысты сот отырысы төртінші рет кейінге шегерілді.
Генерал Серік Күдебаев сотқа мәжбүрлі түрде жеткізіледі
Кейін Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланғаны белгілі болды. Сондай-ақ, оның жұмыс істеп тұрған шекара бекеттерінен өтпегені хабарланды.
Ал ҰҚК Шекара қызметі Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы, генерал Серік Күдебаев Қырғызстанмен мемлекеттік шекараны кесіп өтуі мүмкін жерді іздестіріп жатқаны белгілі болды. Ал БАҚ-та "генерал Солтүстік Кипрде жүр" деген ақпарат та тараған еді. Бас прокуратура Күдебаев Бішкектен Ыстамбұлға ұшып кеткені туралы мәлімдеме жасады.
Қашқын генерал Күдебаевтың тауда жеке шаруашылығы бар - ҰҚК
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!