Соңғы кездері әлеуметтік желіде балдыркөк негізіндегі смузи ішіп, арықтауға болады деген ақпарат көп тарап жатыр. Алайда кейбір адамдар "таяқтың екі ұшы бар" екенін ұмытып жатады. Балдыркөктен дайындалған смузи шынымен салмақ тастауға көмектесе ме? Ол басқа ағза мүшелеріне зиян тигізбей ме? Бұл сұрақтарға Massaget.kz тілшісіне қазақстандық терапевт Маржан Әбдіғалиева жауап берді.
Маманның айтуынша, балдыркөк төменгі калориялы өсімдіктер қатарына жатады. Оның тамыры да жапырағы да, яғни барлық бөлігі жеуге жарамды. Бұрын бұл өсімдік дәріге қосынды ретінде қолданылған, ал кейіннен тағам ретінде тұтыныла бастаған. Балдыркөк С, А, Е, В секілді дәрумендер тобына бай.
Терапевт ең алдымен балдыркөктің пайдасына тоқталды.
"Бұл көкөністі үнемі жейтін болсаңыз, асқазан сөлі ынталанып, басқа тағам тез қорытылады", - деді дәрігер.
Маржан Әбдіғалиева балдыркөк денсаулыққа айтарлықтай зиян тигізбейтінін айтты, дегенмен оны кейбір адамдарға жеуге болмайды.
"Балдыркөкті кімдерге жеуге болмайтынына тоқталған дұрыс секілді. Біріншіден, оны бала емізетін, жүкті әйелдер тұтынбағаны абзал, әрине, егер сирек тұтынса, ол кері әсер туғызбайды, ал күнделікті көп мөлшерде жейтін болса, жатыр жиырылып, жүкті әйел түсік тастау қаупі жоғары. Бұдан бөлек, әйелде етеккір циклі басталғанда алғашқы күндері балдыркөк тұтынса, етеккір мөлшері артуы мүмкін. Екіншіден, варикозды тамырлары барларға, үшіншіден, бет аурулары бар адамдарға бұл көкөністі тұтынуға кеңес бермеймін", - деді ол.
Дәрігердің сөзінше, балдыркөк негізіндегі смузи салмақ тастауға көмектесіп, адамды арықтататынын дәлелдейтін ресми негіз жоқ, сондықтан бұл қате түсінік.
"Смузи дегеніміз диеталық компонент түріне жатады. Смузидің түр түрі бар, яғни ол бір ғана балдыркөктен дайындалмайды, құрамында басқа да ингредиенттер болады. Балдыркөк негізіндегі смузи салмақ тастауға көмектесіп, адамды арықтататынын дәлелдейтін негіз жоқ. Мұндай смузи арықтатады деген түсінік жалпы сусынның зат алмасу жұмысын ынталандыратын қасиеті болғандықтан шыққан деп ойлаймын. Смузидің 95 пайызы судан тұрады, ал бұл ағзадағы сусыздануды толтырады", - дейді маман.
Сонымен қатар, терапевт бұл қате түсініктің неліктен қалыптасқанын болжап көрді.
"Смузи несеп айдайтын әсерге ие, яғни ағзадағы артық суды шығаратындықтан, адамға салмақ тастағандай болып көрінуі мүмкін. Мысалы, арықтау үшін смузи ішіп жүрген қыз-келіншек таразыдағы азайған 400-800 граммды көріп, бұл смузидің әсері деп түсінеді. Алайда бұл қате ойлау. Себебі, смузи майды ыдырату процесіне қатыспайды, тек артық суды шығарады, бұл уақытша әсер.
Салмақ тастау үшін смузимен бірге, дұрыс тамақтанып, физикалық белсенділікті арттыру керек", - деді терапевт.
Балдыркөк негізіндегі смузи кей жағдайда аллергиялық әсер тудыруы мүмкін.
"Балдыркөк қазір салмақ тастауға көмектесетін өнім ретінде пайдаланылып жүр. Менің ойымша, балдыркөктің денсаулыққа тигізер зияны жоқ, тек белгілі бір топтағы адамдарға жеуге болмайды, сонымен қатар, кей жағдайда аллергиялық әсер тудыруы мүмкін, бұл жеке бас төзімділігіне байланысты болады", - деп қорытындылады ол.
Маржан Әбдіғалиева ойыңыздағы салмаққа қол жеткізу үшін күні бойы смузимен қоректенбей, жаттықтырушы, нутрициолог секілді кәсіби мамандардың көмегіне жүгініп, сіздің ағзаңызға сай құнарлы, құнды ас мәзір жоспарын құрған әлдеқайда дұрыс екенін жеткізді. Өйткені, салмақ тастау тамақтан тиылу ғана емес, ағзаға қажетті микроэлементті, ақуыз, дәрумен, көмірсуды жинау екенін ұғыну қажет.
Айта кетейік, бұған дейін қызылша, алма, балдыркөк секілді көкөніс пен жемістен бауырға пайдалы смузи жасауға болатыны хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Азимут өлшенетін градус аралығы қанша?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!