2027 жылғы 1 қаңтардан бастап екінші деңгейлі банктер отбасының материалдық жағдайын бағалау, жәрдемақы тағайындау үшін азаматтардың кіріс-шығысы, депозиті туралы ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне береді. Бұл туралы Құрылтай отырысында ведомство басшысы Асқарбек Ертаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Банктер азаматтардың шоттары мен депозиті туралы мәліметті жәрдемақы алушының, оның отбасы мүшелерінің келісімімен береді. Бұл мәлімет отбасының материалдық жағдайын бағалау үшін пайдаланылады.
Енді мемлекет көмекті мұқтаждық деңгейін ескере отырып тағайындауды жоспарлап отыр. Жалақы немесе мүлік болуы ғана емес, сонымен қатар, отбасының жалпы қаржылық жағдайы да бағаланады.
"Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік деректер базасынан мәлімет жинайды. Ол 8 негізгі бағыт бойынша бағаланады. Оған жұмыспен қамту, табыс, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, несие жүктемесі, білім деңгейі және тағы басқалары кіреді. Осы материалдық және әлеуметтік жағдайдың жалпы көрінісі негізінде жүйе тиісті санатты анықтайды", - деді министр.
Оның айтуынша, жүйе күн сайын жаңартылып тұратын 30 деректер базасымен интеграцияланған, ал әл-ауқат ай сайын бағаланады. Отбасының материалдық жағдайы нашарлап, ол мұқтаждар санатына өтсе, мемлекеттік қолдау шаралары кезекті өтінішті күтпестен тағайындалады.
Банктегі дерегін жинауға және тексеруге келісім беруден бас тарту әлеуметтік төлемдерді тоқтата тұруға негіз болуы мүмкін.
Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 10 мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау ережесі өзгереді. Енді төлем алу құқығын анықтау кезінде отбасының немесе жеке тұлғаның әл-ауқат деңгейі ескерілмек. Ол үшін азаматтар әлеуметтік әл-ауқаттың бес деңгейіне бөлінеді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!