Желіде Атырауда "ит қапқан" қыздың адамшошырлық суреттері тарады. Қала әкімдігі өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды. Кейін қыздың Шымкентте КамАЗ-дың астына түсіп қалғаны белгілі болды. Шымкент денсаулық сақтау басқармасы өкілдері мектеп оқушысының жағдайы туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Сансызбайқызы ауыр жағдайға тап болған қыздың жағдайы туралы айтты. Оның айтуынша, қызға 2 күн бұрын ота жасалған. Ал кеше дәрігерлер қыздың аяғын кеспеу туралы шешімге келген.
Бұл оқиға 21 қыркүйекте болған. Ол 13:38-де ауруханаға жеткізілген. Қазір оның жағдайы бірқалыпты, бірақ ауыр.
"Ата-анасымен кездестік. 2-сынып оқушысы мектепке қайтып келе жатқанда КамАЗ-дың астына түсіп қалған. Жүргізуші жолдан өтіп бара жатқан қызды көрмей қалған. Бірақ дер кезінде тоқтап үлгерген. Қыздың аяғы екі жерден сынған. Оқушы ауруханаға түскенде дәрігерлер алдымен оның жарақатын таңып, кейін жағдайын бақылады. 26 қыркүйекте қызға ота жасалды. Енді 3 күн ішінде оның жағдайы бақыланады. Кеше Түркістан облысының ауруханасының, Шымкенттің мамандары консилиум жасап, аяқты кесіп-кеспеу туралы талқылады. Қыздың терісі, бұлшықеттері езіліп кеткен, алайда дәрігерлер аяқты кеспеу туралы тоқтамға келіп отыр. Қазір нақты ештеңе айта алмаймыз, 2-3 күннен кейін қыздың жағдайы белгілі болады", - деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Сәуле Сансызбайқызы.
Еске салайық, бұған дейін Желіде Атырауда мектеп оқушысын ит қапқаны туралы ақпарат тараған еді. Қала әкімдігі өкілдері бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Атырау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Айша Кенжемұратова бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірді.
"Әлеуметтік желі арқылы Атырауда мектеп оқушысын ит қапқаны туралы ақпарат тарап жатыр. Ақпараттың жалған екенін айта келе, оқиға Шымкентте жол апатынан болғаны анықталды. Сондықтан жалған ақпарат таратпауларыңыз сұралады! Жедел жәрдем қызметі мен облыстық балалар ауруханасында мұндай жарақатпен келген науқас тіркелмегенін қаперлеріңізге береміз!" - деді ол.
Тағы да оқи отырыңыздар: Адам ұйқысыз қанша күн жүре алады?
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!