Алматы қаласының Медеу ауданында ауызсудың болмауы қарапайым қарашадан бөлек сол аумақтағы мемлекеттік мекемелерге, үлкен нысандарға да оңай болмай тұр. Мәселен, "Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы" өткен сенбіден бері сусыз отыр. Мекеме қызметкерлерінің сөзінше "Алматы Су" мекемесі алғашында салқын суды үш сағатқа тоқтатқанын айтқан. Кейін белгілі болғандай, бір аптаға созылыпты. Әкімдіктің жіберген су таситын көлігі де уақытылы келмепті. Massaget.kz тілшісі аталған мекемеге барып, аяғы ауыр аналардың жай күйін біліп қайтты.
"Жексенбі күні су таситын көлікпен таңертең және кеште су әкелді. Біз өзіміз қолмен тасып пациенттерге жеткіздік. Аяғы ауыр әйелдерді көп мазалауға болмайды ғой. Олар су тасып ішуге де жарамайды. Жуынатыны, тамақ ішетіні бар дегендей. Алайда 25 шілдеден бастап суды уақытылы әкелуді доғарды. "Алматы Су" мекемесі телефон алмады. Сейсенбі күні түнгі сағат 00:30 да әкелді. Аяғы ауыр әйелдер су іздеп көшеге дейін шығып кетті. Күтуден басқа қолдан келер қайран болмады. Ал әкімдіктің бізде мүлде шаруасы болған жоқ, - дейді Бибігүл есімді мекеме меңгерушісі.
"Телефонмен байланысқан қызметкер менің өзімді жазғырды. Менің жанайқайым қара басымның қамы үшін емес қой. Мұнда 125 жүкті әйел жатыр. Өзіңіз ойлап қараңызшы, біз киімдерді жуамыз, дизенфекциялаймыз. Аналар босанады, ота жасалады. Судың болмауы біздің жұмысымызға үлкен ауыртпалық салды. Мұндай жерде санитарлық шаралар сақталуы керек. Ал су болмаса оны қалай сақтаймыз? Суға жауапты мекеменің ауызсуды түнгі 00:00-де жібергеніне айтарға сөзім жоқ", - деді Бибігүл Чимкинтбековна.
Перзентхана - төтенше жағдайда бірінші көңіл бөлінуі тиіс мекеме. Соны біле тұра өз қызметтеріне салғырт қарап, суды түнгі сағат 00:00-де жеткізген мекемеге де, бес күнде бір рет қана барған әкімге де мекеме қызметкерлерінің, аяғы ауыр аналардың да өкпелері қара қазандай.
Айта кетейік біз бұған дейін аптап ыстықта ауызсусыз қалған Медеу ауданы тұрғындарының жанайқайын жазған едік.
Тағы оқыңыз: 12 мың тұрғын тұратын Абай ауылына бірде-бір автобус қатынамайды.
Журналист Ерболат Досаевтан "отставкаға" кетуін сұрады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!