Автокөлік әйнегіне балағат сөз жазғаны үшін жүргізушіге айыппұл салына ма? Бұл сұраққа Қостанай облысының полиция департаменті жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Наш Костанай" басылымына сілтеме жасап.
"Наш Костанай" корреспонденттері 1 шілде күні Қостанай көшелерінің бірінен әдепсіз жазуы бар автокөлікті байқап, дереу полиция департаментіне хабарласып, автомобиль әйнегіне осындай жапсырмаларды жабыстыру заңды ма екенін сұраған.
- Лада Калин көлігі жүргізушісінің іс-әрекетінде қандай да бір құқық бұзушылық белгілері байқалмады, – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Автокөліктің әйнегіне жарнамалық сипаттағы жапсырма жабыстырылған жағдайда ғана жауапкершілік қарастырылады екен. Сондай-ақ, жүргізушіні бұзақылық, яғни, балағат сөздерді қолданғаны үшін де жауапкершілікке тарта алмайды.
- Алайда "Лада" жүргізушісі анықталды. Онымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Кейін көлік иесі жапсырманы алып тастады, - деп жауап берді полиция департаменті.
Полиция департаменті көліктің суреттерін жіберді. Суретте көліктегі жапсырмалар алып тасталынған.
Жол-патрульдік полициясы тоқтатқан кезде сіз не білуіңіз керек? Мына жерден оқыңыз.