“Ауқатты азаматтар мемлекеттен көмек алмауы керек“ - Бектенов

Премьер-министр Олжас Бектенов ауқатты азаматтар әлеуметтік төлем түрінде мемлекеттік көмек алмауға тиіс екенін мәлімдеді. Ол бұл туралы Құрылтай отырысында айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құрылтай отырысында Олжас Бектеновке бюджет тапшылығы туралы сұрақ қойылды. Бұған жауап ретінде премьер-министр әлеуметтік төлемдер реформасына тоқталды.

Оның айтуынша, бұл шара мемлекеттің жәрдемақыларға жұмсайтын шығынын азайтып, үнемделген қаражатты басқа қажеттілікке бағыттауға мүмкіндік береді.

"Келесі жылы 1 қаңтардан бастап бұл қағидат толық жұмыс істейді. Мысалы, бүгінде көпбалалы отбасы бай болсын, кедей болсын, мемлекеттен бірдей қолдау шараларын алады. Біздің ойымызша, бұл әділетсіз. Ауқатты, өз-өзін асырай алатын дәулетті адамдар мемлекеттен көмек алмауға тиіс", - деді ол.

Олжас Бектеновтің сөзінше, мемлекет тек өзін-өзі қамтамасыз ете алмайтындарға көмектеседі.

"Адам мемлекет көрсетіп жатқан көмекті тұрақты табыс ретінде қабылдамауы керек. Бұл адам уақыт өте келе мұқтаждар санатынан шығуына берілген серпін болуға тиіс. Пәлсапа осындай", - деп түсіндірді премьер-министр.

Үкімет басшысы осы шаралардың нәтижесінде 2027 жылы 700 миллиард теңге, ал үш жыл ішінде шамамен 2,5 триллион теңге үнемделетінін мәлімдеді.

Еске салайық, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда 10 мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау ережесі өзгереді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз