Қазақстанда 255 мың теңге көлеміндегі аударым тексеруге себеп болуы мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін Мәжіліс депутаттары Қаржы министрлігіне қазақстандықтардың мобильдік аударымдарын бақылауға қатысты сауал жолдаған болатын. Депутаттар 100-ден аса мобильді аударым үшін нақты сома анықтамалғанына назар аударды. Яғни қазақстандықтарға қанша теңге алғаннан кейін салық төлеуге тура келетіні нақтыланбаған. Депутаттардың сөзінше, 100 теңгеден басталатын шағын аударымдар да фискалдық бақылау үшін негіз бола алады.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы мәселені алда да қарастырады. Осылайша, мынадай өзгеріс енгізілуі мүмкін:
"Бір жеке тұлғаның банк шотына үш ай ішінде ай сайын жалпы сомасы 3 ЕТЖ-дан асатындай (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 255 000 теңге - еск.) 100 және одан да көп адамнан ақша түсуі", - деп жазылған жауапта.
Еске салайық, бұған дейін былтыр қазақстандықтар қанша теңге мобильді аударым жасағаны хабарланды.
Сонымен қатар, Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Каипов мобильді аударымдарға қатысты ең маңызды сұрақтарға жауап берді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!