Мобильді аударымдар 100-ден асып кетсе, салық салына ма? Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысымен сұхбат

Мобильді аударымдар 100-ден асып кетсе, салық салына ма? Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысымен сұхбат
Фото: depositphotos

Жыл басынан бері мобильді аударымнан бас тартқан кәсіпкерлер саны артып келеді. Халық арасында "жеке аударымдарды тексереді" деген қауіп те жоқ емес. Осы мәселе төңірегінде  Massaget.kz тілшісі Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Берік Каиповпен сұхбаттасты.

"Жеке тұлғалардың мобильді аударымдары тексерілмейді"

Оның айтуынша, тексеріс тек кәсіпкерлерге арналған.

"Кәсіпкерлердің мобильді аударымдардан бас тартуының бірінші себебі - биыл қаңтардан бастап банк ұйымдары кәсіпкерлердің мобильді аударымдары бойынша деректерді бізге беретін болады. Сол арқылы салық органдары мобильді аударымдар бойынша әкімшілендіру жұмыстарын жүргізеді. Бақылау шаралары жеке тұлғаларға әсер етпейді. Себебі бұл жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған. Яғни,  жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдарды жасап, қабылдай беруіне болады", - деді ол.

Жеке тұлғалар арасындағы мобилді аударымдар тексерілмейді.

"Мобильді аударымдар дегеніміз - жеке тұлғаның шотынан екінші жеке тұлғаның шотына белгілі бір көлемде жіберілген ақша аударымдары. Одан бөлек мобилді төлемдер деген түсінік бар. Бұл жеке тұлғаның шотынан кәсіпкерлік қызмет үшін ашылған шотқа (жеке кәсіпкер) операция жүзеге асырылатын төлемдерді айтамыз. Жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға салық салынбайды және тексерілмейді", - деді ол.

 Төлем қабылдаудан бас тартса не істеу керек?

Қолма қол төлем жасаған тұтынушы кәсіпкерден фискалды чек сұрауға міндетті. Бермеген жағдайда кәсіпкерге айыппұл салынады.

"Тұтынушы қолма қол төлемжасаған жағдайда, кәсіпкер ҚР Салық кодексінің 166-бабының 5-тармағының 2-тармақшасына сәйкес фискалды чек беруге міндетті. Фискалды чек берілмеген жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 284-бабына сәйкес алғашында әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал заңды қайталап бұзған жағдайда – 73 840 теңге (20 АЕК) көлемінде айыппұл салынады", - деді ол

Ал төлем тәсілін қабылдаудан бас тартқан жағдайда тұтынушы өз құқығын талап етуге міндетті.

"ҚР "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Заңының 25-бабында көрсетілген нормаларға сәйкес тұтынушы банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақшамен төлем жасай алады. Жоғарыда аталған заң нормаларына сәйкес төлем тәсілін қабылдаудан бас тарту заңсыз. Бұл тұтынушының құқығын бұзу болып есептеледі.  Мұндай жағдайда кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту беріледі. Ал заңды қайталап бұзған жағдайда – 147 680 теңге (40 АЕК) көлемінде айыппұл салынады", - деді ол.

 Такси жүргізуші қалай салық төлейді?

Такси жүргізушісі жеке тасымалдаумен айналысса, міндетті түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек.

"Олар "Яндекс такси" арқылы немесе "е-салық бизнес" арнайы мобильді қосымшасымен жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алады. Қазіргі таңда Алматы мен Астана таксистері үшін пилоттық нұсқада жеңілдетілген салық режимі қолданылады. Бұл мобильді қосымшаларда кассалық аппарат пен салық есептеу қолданбасы бар. "Е-салық бизнес" мобильді қосымшасына тіркелу кезінде есепті тапсырудың қажеті жоқ, барлығы қосымшада автоматты түрде шығады. "Е-салық бизнес" мобильдік қосымшасын такси жүргізушілері пайдаланған кезде салық 1 пайызды құрайды. Одан бөлек әлеуметтік аударымдары бар. Сондай-ақ, "е-салық бизнес" мобильдік қосымшасы арқылы чекті электронды форматта клиентке жібере алады. Аталған арнаулы салық режимін Алматы қаласы Наурызбай ауданы бойынша 221 салық төлеуші пилоттық нұсқасын қолданды", - деді ол.

 Әр кәсіпкер тауармен қоса кассалық чек беруі керек. Бұл - бұрыннан бар талап.

"Мобильді аударымдар тек қана жеке тұлғалардың жеке мақсаттары үшін қарастырылған. Сондықтан кәсіпкерлік мақсатта қолданылмауы керек. Кәсіпкерлік нысандардың онлайн төлем жүргізу үшін арнайы POS-терминалдары болғаны абзал. Егер жеке тұлғада үш ай қатарынан түрлі адамдардан 100-ден аса аударым жасалса, кәсіпкерлік қызмет белгілері болып саналады. Мұнда аударым саны мен сомасы есептелмейді. Тек тұлғалардың саны маңызды. Бір күн ішінде қарапайым адам туысқанына бес рет аударым жасауы мүмкін. Бірақ ол бір тұлға болып есептеледі. 100-ден аса тұлғадан аударым түсуі кәсіп жүргізу болып саналатындықтан, күдікті саналса, салықтық әкімшілендіру жүргізіледі", - деді ол.

Жалпыға бірдей декларациялау: биыл кімдер қамтылады?

Үкімет көлеңкелі эконмиканың үлесін азайту мақсатында азаматтардың ақша аударымдарын бақылап, кезең – кезеңімен декларациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

"Елімізде көлеңкелі экономиканың үлесі 19%- ға жуықтады. Сол үшін Үкімет азаматтардың ақша аударымдарын бақылап, кезең – кезеңімен декларациялау жұмыстарын жүргізіп, одан бөлек салықтық тексерулер, камералдық бақылау т.б. дереккөздері арқылы табыс көздерін заңдастырмақ. Осыған орай мобильдік аударымдарды бақылау жүргізіледі дегеннен қолма-қол қаржымен есептесу көбейді. Тіпті көп кәсіп иесі электронды төлем қабылдауға үзілді-кесілді қарсылық танытып жатыр. Бұл жағдай көлеңкелі кәсіпкерлікті азайтуға кедергі болатыны белгілі. Табысын жасырып, салықтан қашқан кәсіпкерлерге аталған шаралар әсер ететіні айқын".

2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялау кезең-кезеңімен жүзеге асады. Биыл кәсіпкерлер мен заңды тұлға басшылары қатысады.

"Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың аударымдары туралы ақпаратты банктерден кезең-кезеңімен алу мерзімдерін белгіледі. Атап айтсақ, 2023 жылы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлеріне және олардың жұбайлары, 2024 жылдан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырады. Биыл 3,9 млн. жеке тұлға тапсырады деп жоспарланып отыр. Ал 2025 жылдан бастап азаматтардың қалған санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және басқалар) ұсынылады. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне барлығы 13 млн. жуық адам кіруі тиіс"-, деді ол.

"Салық төлеу мәдениетін қалыптастыру керек"

 Салық төлеу мәдениетін қалыптастыру үшін әр адам өзінен бастауы керек.

"ҚР Конститутциясының 35-бабына cәйкес - заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу - әркімнің борышы әрі міндеті. Осыған орай азаматтық парызымызды өтеу мақсатында тұтынушы ретінде төленген төлем үшін фискалды чек талап етіп, мобильды аударымдар емес, қолма-қол ақшасыз төлемдерді, QR төлем және карточка терминалдары арқылы төлеуді әдетке айналдырған жөн", - деді ол.

Сондай-ақ, фискалді чек талап ету - салық мәдениетінің бастауы екенін атап өтті.

"Негізі күнделікті өмірде фискалді чекке мән бермейміз. Бірақ оны талап ету – әр азаматтың құқығы және оны тұтынушыға ұсыну кәсіпкердің міндеті. Сол арқылы салық мәдениетін қалыптастырып, еліміздің экономикалық дамуына өз үлесімізді қосайық. Егер қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту фактілері туралы мемлекеттік кірістер органдарына хабарлау қажет. Сондай-ақ, eOtinish арқылы растайтын құжаттарды жүктей отырып немесе Wipon Cashback тегін қосымшасы арқылы арыздануға болады", - деді ол.

"Тұрғындардан өтініштер түсті"

Оның айтуынша, кәсіпкерлердің тұтынушыларға фискалдық чек бермеуі, Каспи голд арқылы төлем қабылдау бойынша бірнеше фактілері тіркелген.

"Мұндай деректер бізге тұлғалардан түсті. Ондай фактілер салық төлеуден жалтару болып есептеледі. Кәсіпкерлер үшін Салық кодексімен бірге салық режимдері қарастырылған. Сол режимдерді өзінің кәсіпкерлік және қызметтік түрлеріне қарай пайдаланады және арнаулы салық режимінің шарттарына сәйкес тапқан табысынан пайыздық көрсеткішіне сәйкес салық төлейді. Дегенмен арнаулы салық режимдерінің пайыздық мөлшері көп деп айтуға келмейді", - деді ол.

Кәсіпкерлер қашан да тұтынушылардың төлем ыңғайын ескеру керек екенін атап өтті.

"Мәселен, арнаулы салық режимі бойынша салықтық төлем мөлшері 3%, патент 1%,  арнаулы мобильді қосымша 1%, бөлшек сауда салық режимі 4 %. Осының бәрі салық төлеушілердің салықтық мәдинетін қалыптастыру үшін жасалып жатыр. Жыл басынан бері кәсіпкерлердің QR және карта төлемдерін қабылдайтын терминалдар орнатып жатқаны байқалуда. Себебі тұтынушылардың электронды төлем арқылы төлеуге бейімделгені және  қаражаттарын банк шоттарында сақтау қауіпсіз әрі ыңғайлы екенін біледі. Осыған орай кәсіпкерлер тұтынушылардың төлем ыңғайын ескеру керек және заңды талаптарын қанағаттандыру керек", - деді ол.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жайыққызы