Астанада тіс емдеу орталығында көз жұмған 20 жастағы жігіттің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Құқық қорғау органдары соталды тергеу бастаған. Алдын ала мәліметке сәйкес ем барысында науқасқа дәрі егіліп, кейін оның жағдайы күрт нашарлаған. Бірақ әлеуметтік желіде марқұмға аллергиялық сынама жасалмағаны жазылды. Бұл дерек ресми түрде расталған жоқ.
Қазір жауапты министрлік тексеріс жүргізіп, медициналық қызмет көрсету талаптары сақталуын тексеріп жатыр.
"Комитет стоматологиялық көмек көрсету стандарттары сақталуын, лицензия және біліктілік талаптарын, сондай-ақ, медициналық қызметтің сапасын бағалап жатыр", - деді Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметті профилактикалық бақылау басқармасының басшысы Айгүл Ысқақова.
Айта кетейік, қазір еліміздегі 622 стоматологиялық мекемеге жаппай тексеріс жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін талапқа сай келмеген 87 орталықтың жұмысы тоқтатылып, кейбірінің лицензиясы кері қайтарылған.
Еске салайық, бұған дейін Астанадағы стоматологиялық орталықтардың бірінде 20 жастағы қала тұрғыны қайтыс болғаны хабарланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!