Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитеті Астана қаласының тұрғын үй кешендерінің бірінде болған оқиғаға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана қаласы Білім басқармасының мәліметтеріне сәйкес, оқиға 2024 жылғы 4 ақпанда сағат 14:57-де болған. Белгісіз адам пәтерден шығып, балаларға зиян келтіре бастаған. Жағдай туралы білген кәмелетке толмағандардың бірінің әкесі дереу жедел жәрдем шақырған.
Кәмелетке толмаған балалармен бірге ата-аналар қалалық балалар ауруханасына жеткізіліп, үйге сағат 19:40-та жіберілді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалған.
"Осы сынды оқиғалар қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырып жатыр. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық немесе қорқыту олардың қауіпсіздік, физикалық және эмоционалдық әл-ауқат құқықтарын бұзады. Қоғам, үкімет және құқық қорғау органдары мұндай оқиғалардың алдын алу, сондай-ақ кінәлілерді жазалауды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға міндетті", - делінген комитет хабарламасында.
Еске салайық, бұған дейін Астана полиция департаменті қызметкерлері елордадағы тұрғын үйлердің бірінде балаларға шабуыл жасаған ер адам ұсталғаны хабарланған болатын.
Әлеуметтік желіде тараған кадрларда кіреберістердің бірінде ер адам алдымен бір баланың бетінен ұрып, екіншісін тепкілеп, үшіншісін қылғындырып жатқаны бейнеленген. Елордалық полиция департаменті өкілдерінің мәліметінше, Байқоңыр аудандық полиция бөлімі осы үйдің 30 жастағы тұрғынын анықтап ұстады.
"Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!