- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Әскерге кетіп бара...
Әскерге кетіп бара жатқан балаға нан тістетіп алып қалса, ол "нантілеулес, қамқоршы" болатыны рас па?
Әлеуметтік желіде қызық ырым талқыға түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Желіде жарияланған жазбада ана әскерге кетіп бара жатқан ұлына нанның бір бөлігін тістетіп, екінші бөлігін үйінде ырымдап алып қалғаны жазылған.
"Ырымға сенесіздер ме?
Балам әскерге кетіп бара жатқанда аман-есен келуіне тілеулес болсын деп тістетіп алғанмын", - деп жазған видео авторы.
Автордың бұл сұрағына жауап бергендердің көпшілігі мұндай ырымның бар екенін және оған сенетінін жазған.
"Мен де осылай жасағам", "Ырым ғой дұрыс", "Иә, бар бұл ырым", "Иә, мен де ұлыма осылай жасағам, аман-есен келді", "Несібесі үйде күтеді, ол дұрыс", "Бұл ырым бар бізде де, әрине баласы үшін ана қандай да ырымға сенеді", "Сенеміз", "Бұл ырым бұрыннан бар. Ұзақ жолға шыққан адам отбасына аман-есен оралсын деп жасайды", "Мен де осылай жасағанмын", - деп жазған олар.
Видео астында жазылған пікірлерге сәйкес, бұл ырымның мәні - нан алыста жүрген адамға қамқор, нантілеулес болуы. Тістелген нанды шыт қалтаға салып, үйдің төріне іліп қояды. Ол қанша уақыт тұрып, кеуіп қалса да тиіспеу керек. Тістеген адам үйіне оралған соң нанды суға батырып не талқан етіп жейді екен.
Ал этнограф Болат Бопайұлы Massaget.kz тілшісінің "қазақта мұндай ырым бар ма?" деген сұрағына мұны кейіннен адамдардың өзі ойдан шығарып алғанын айтты.
"Мұндай ырым жоқ. Бұрынғы Қабанбай, Бөгенбай, Алпамыс, Ертарғын, Наурызбай секілді қазақтың ұлы батырлары соғысқа кеткен кезінде өзімен нан алып кеткен. Қазақта ақ батадан артық тілеулес жоқ.
Жолға не бір іске кетіп бара жатқан балаға тамағын беріп, тойдырып, жолға деп азық-түлігін салып береді. Ал нанның жартысын тістетіп алып, нантілеулес болады деген ырым жоқ. Қазір осындай адамдар өздері ойынан шығарып алған ырымдар көбейіп кетті.
Мұның бәрі кейіннен шыққан, бұрын болмаған", - дейді этнограф.
Сонымен қатар, маман қазақ үшін алыс жолға шығып жатқан адамға батадан артық тілеулес, қамқоршы жоқ екенін жеткізді.
"Жолға шығатын адам жасы үлкен ата, жұрты, ауылдағы киелі ақсақал, ата-анасынан бата алады. Батадан артық қасиетті нәрсе жоқ. "Баталы құл арымас, батасыз құл жарымас", "жаңбырмен жер көгерер, батамен ел көгерер", деген мақал-мәтел бар ғой, сондықтан адамға тілеулес болып, сақтап, қорғап жүретін жалғыз күш ол - бата", - деді ол.
Болат Бопайұлы нанның қасиеті туралы бөлек әңгімеледі.
"Ал нанның қасиеті ол бөлек әңгіме. "Нан - қан, қан - жан" дейді ғой, ертеде кедейлік адамның басына нан қоқымын басудан келеді деп сенген. Екінші, қазақтың ырымы бойынша бір жерден тамақ ішкен кезде нан қалып қалса, оны тастамай, алып кету керек. Өйткені, құран кітап биікте, ал нан төменде тұрса, нанды басып құранды алуға болмайды. Ал нан биікте тұрса, құранды басып алуға болады деп қараған. Нанның орны жоғары.
Ұзақ жол жүргенде, әскерге барғанда нанды баланың қоржынына жол азық етіп салып беруге болады", - деп әңгімеледі этнограф.
Этнограф ел аузында тараған нанға қатысты аңыздың бірін айтып берді.
"Кезінде бір қойшы болған екен. Қойшы қараңғы батқанда абайсызда нанның қоқымын жерге түсіріп алыпты, оны ешкім басып кетпесін, аяқ-асты болмасын деп таяғын сұғып, қоршап кетіпті. Ертеңіне нанның қоқымын жинауға барса, таяғы алтынға айналып кетіпті. Қойшы осылай байыпты.
Мұны естіген келесі адам жерге әдейі нанның қиқымын шашып, таяқ сұғып кетіпті, ертеңіне барып алайын десе таяғы алтын болып тұрыпты, ал оны ұстаған кезінде таяқ жыланға айналып, адамды шағып өлтіріпті. Міне қазақта нанның киелілігіне қатысты осындай аңыз бар", - деді Болат Бопайұлы.
Айта кетейік, бұған дейін қазақта баланы қылғындыратын ырым болғаны туралы хабарланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Ұшықты қалай тез кетіруге болады?
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә