Қазақта баланы қылғындыратын ырым болғанын білесіз бе?

Қазақта баланы қылғындыратын ырым болғанын білесіз бе?
Фото: А. Л. Мелков

Қазақ халқының дәстүрлі танымында балаға қатысты ырым түрі көп. Соның бірі - бала тілі шықпауына қатысты ырым-тыйымдар. Massaget.kz тілшісі қазақ ертеде баласының тілі шықпаса, қандай амалға жүгінгеніне шолу жасады.

Баланың сөйлеу тілі қалай дамыған?

Дала заңынан-ақ көп нәрсенің жайын білген алаш зиялылары еңбектеріне шолу жасасақ, Мағжан Жұмабаев "Педагогика" еңбегінде баланың сөйлеу тілінің, есту қабілетінің дамуына қатысты деректер келтіреді. Бала алғашында дүниеге келгенде ешбір дыбысты естімейді екен. Сондықтан ұйықтап жатқан баланың жанында қатты сөйлесе де, ол ояна қоймайды. Есту қабілеті екі-үш аптадан бастап біліне бастайды. Төртінші аптада бала қатты дыбыстарға селк етіп, белгі бермесе, онда кінәрат бар деген белгі екен. Мұны Мағжан Жұмабаев "мақау" деп түсіндіреді. Төртінші және бесінші аптада бала дыбыс қай тұстан шыққанын біледі. Ал алтыншы аптада өзі дыбысқа еліте бастайды. Бір жастың аяғында дыбыстарды айыра алады, ал екі жастан бастап өзі сөйлей бастайды. Бірақ бұл кезде бала қысқа-қысқа сөйлемдер ғана айта алады. Бала 3-4 жаста жақсы сөйлеуді үйренеді.

Өңешпен қылғындыру

Қазір дамыған заманда бала тілі кеш шықса, арнайы логопедтерге тексертеді. Алайда сұңғыла халықтың өзіндік өмір сүру салтында осы құбылысқа да қарсы айла-шарғы болған екен. Соның бірі - өңешпен қылғындыру. 

Желіде баланың мойнынан қылғындырған видео тарады. Дегенмен бұл шошитын жағдай емес, қазақтың ырымында бар дүние екен.

@bani9093 Бұл ырымды жасағандар бар ма?#рек ♬ оригинальный звук - Бани

Желі қолданушыларының сөзіне сүйенсек, бұл ырымды баланың нағашы жұрты істеген екен.

"Менің кішкентай кезімде тілім шықпаған, содан нағашыларым осылай істеген", "Нағашы жағы ең жоғары деңгейі болғандықтан айтылады, бұл тәсіл баланың тілі анық шықпаса ғана жасалады тоқ ішекпен", "Жігіттің жақсысы нағашыдан. Негізі қазақ дана халық қой. Қыздың баласын немере демей "жиен" деген. Жиеннің дәрежесі немереден жоғары", "Тілі шықпай жүрген балаға нағашы жағы арнайы мал сойып, малдың ішегімен осылай ырымдайды. Бала қорыққан соң тілденеді деген мағынасы болар", - деп жазған пікір білдірушілер.

Ашық дереккөз мәліметтерінде де баланың тілі кеш шықса, нағашыларының үйіне апарып, арнайы мал сойғызып, сол малдың ішегімен қылғындыратыны айтылған. 

Нағашы деп ананың ата-анасынан бастап барлық туыстары саналды. Ағайын ішінде нағашының мәртебесі, беделі қашан да жоғары болған. Халқымызда "қыздан туғанның қиығы жоқ" деген мәтел бар. Мұның астарында қыздан туса да, алыстығы жоқ деген терең мағына жатыр. Сондай-ақ, ел арасында "өз жұртың - күншіл, қайын жұртың - сыншыл, нағыз тірегің - нағашың" деген сөз бар. Осыдан-ақ, баланың тілі шықпаса, неге нағашы жаққа жүгінгенін ұғуға болады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова