- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Апатты ағаштар қалай...
Апатты ағаштар қалай анықталады?
Алматыдағы "Жасыл комиссияның" басшысы Омар Нұрхайдаров Алматыда апатты ағаштардың қалай анықталатыны туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі қала әкімдігіне сілтеме жасап.
Алматыда апатты ағаштар кезең-кезеңімен кесіліп жатыр. Апатты ағаштарды мұқият зерттеу үшін Алматының экология және қоршаған орта басқармасы құрамына экологтар, биологтар, эко-белсенділер енген "Жасыл комиссия" құрды. Олар жергілікті басқару органдарына апатты ағаштардың тізімін жасауға көмектеседі әрі жұмыстарын көпшіліктің хабардар болуы үшін ашық жүргізеді.
Алмалы ауданындағы "Жасыл комиссияның" басшысы Омар Нұрхайдаров бұл қызметтің мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталғанын атап өтті.
"Адамдар біздің апатты ағаштар тізіміне нені негізге алатынымызды, жасыл жапырақты ағаштың қалай апатты болатыны және басқа да өздерін толғандырған мәселелер бойынша түрлі сауалды жиі қояды. Түбі шіріген ағаш үйге, балалар алаңына, машинаға құлауы әбден мүмкін ғой. Сондықтан біз оны түбірімен алып тастау қажет екенін тұрғындарға түсіндіреміз", - деді қоғам қайраткері.
Оның айтуынша, "Жасыл комиссия" мердігерлік ұйымдарды да бақылайтын болады. Өйткені жұмысшылар көбіне инженерлік коммуникацияларды жөндеу барысында ағаштарға зиян келтіріп, тамырларын зақымдауы мүмкін. Соның салдарынан ағаш құлауы мүмкін. Комиссия мүшелері мердігерлерге ағашқа зиян келтірмеу үшін тамырларды қалай қазу керегін айтады.
"Алмалы ауданында барлығы 2200 ағаш кесу жоспарланған. Біз жасыл желектерді өзіміз зерттейміз әрі арнайы барып көреміз. Қажет болған жағдайда ҚазҒЗИ қызметкерлерін тартамыз", - деп түсіндірді Омар Нұрхайдаров.
Еске салайық, бұған дейін мамырда Алматының орталығындағы кафенің жазғы алаңына ағаш құлаған еді.
Желіде оқиғаның видеосы пайда болды. Кадрларда ағаштың құлаған сәті бейнеленген. Ағаш құлағанға дейін бірнеше секунд бұрын қонақтар қашып үлгерді. Автор жолдан өтіп бара жатқан адамның қонақтар мен қызметкерлерге ағаштың құлайтыны туралы ескертіп үлгергенін айтты.
Бір айдан кейін қалада осындай жағдай қайталанды.
Әлеуметтік желіде таралған видеода құлаған ағаш дәмхананың жарты бөлігін жермен жексен еткен.
Адамдар ағаш құламай тұрып, дәмханадан шығып үлгерді. Видеоның сипаттамасында оқыс оқиға Орталық демалыс саябағында болғаны айтылған.
"Жақын жердегі мекеменің үстіне ағаш құлады. Жақын жерде адамдар мен балалар болған. Куәгердің айтуынша, ешкім зардап шеккен жоқ", - делінген жазбада.
Бұған байланысты Алматы қаласы Экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті өкілдері пікір білдірді.
"Мамандар саябақ аумағына барып, тексеріс барысында көпжылдық ағаштың құлағанын анықтады. Зардап шеккендер жоқ. Ағаш дәмханаға іргелес жатқан "Алтын Тараз" ЖШС-не тиесілі.
Алматының жасыл желектерін күтіп ұстау және қорғау ережесіне сәйкес меншік иесі күтіп-баптау жұмыстарын, оның ішінде іргелес аумақта өсіп тұрған ағаштарды санитарлық кесуді жүргізуге тиіс. Басқарма аумақтың иесіне санитарлық кесу жұмыстарын жүргізуге ұсыныс жолдады", - деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек