Желіде танымал әнші Рахат Тұрлыхановтың адам ұрғаны туралы ақпарат тарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ақпарат Kozachkov offside Telegram-арнасында пайда болды.
"Рахаттың бұл жолы кімге қол көтергені белгісіз. Ал Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-2-бабы 1-1-тармағында отбасылық-тұрмыстық қатынастағы адамға жасалған әрекеттер үшін жаза қарастырылған. Әнші екінші әйеліне тағы да қол көтерген сияқты", - делінген жазбада.
Tengrinews.kz тілшісі Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сайтында ақпараттың рас-өтірігін тексерді. 3 қаңтарда Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс қарауға қабылданған.
"Судья Ержан Алдабек құрамындағы Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-2-бабы 1-1-бөлігі бойынша Рахат Тұрлыхановқа қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы істің материалдарын зерделеп, бұл істің сотқа ведомстволық бағынысты екенін, істі қарау Алматының әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының құзыретіне жататынын анықтады", - делінген құжат мәтінінде.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабы "Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер" негізделген.
Сот сайтынан алынған құжат
Құжатқа сәйкес, тыңдау 3 қаңтарға жоспарланған. Редакция тілшісі сотқа бұл іс бойынша сауал жолдады.
Айта кетейік, Рахат Тұрлыханов - депутат Дәулет Тұрлыхановтың немере інісі. Былтыр қазанда Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып тастағаны туралы ақпарат тараған еді.
Еске салайық, бұған дейін Дәулет Тұрлыхановтың ұлы адвокатты соққыға жыққаны хабарланған болатын. Кейін депутат Дәулет Тұрлыхановтың тағы бір ұлы қызды ұрды деп айыпталғаны хабарланған еді. Әлеуметтік желіде Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Әкежан қызды соққыға жыққаны туралы ақпарат пайда болды. Кейінірек мәжілісмен бұл жағдайдан бейхабар болғанын, жаңа ғана білгенін айтты. Сондай-ақ, депутаттың достары, замандастары осы жайтқа қатысты пікір білдірді.
Рахат Тұрлыханов - танымал әнші. Оның "Әжеме", "Танцуй, как огонь", "Зимние ливни", "Азем" сынды әндері бар.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!