- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Анасы да білген"....
"Анасы да білген". Түркістан облысында 14 жастағы қызды өгей әкесі үш жыл бойы зорлап келген
Түркістан облысында 14 жастағы қыз өгей әкесінен жәбір көргенін айтты. Оның айтуынша, алғаш рет зорлық жасалғанда ол небәрі 11 жаста болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қыздың айтуынша, 49 жастағы ер адам оны қайта-қайта қорлаған. Бұған қоса, интим фотолар мен видеоларын таратамын деп қорқытқан.
"Егер мен оған бағынбасам, фотолар мен видеоларды таратып жіберетінін айтты. Ол менің сіңлілеріме де көз салып жүргенін, оларды да ренжітетінін айтты", - деді қыз.
Кезекті жағдайдан кейін қыз шетелде жұмыс істеп жүрген әкесіне телефон соққан. Кейін қыздың туыстары оны алып кеткен. Арада үш жыл өткеннен кейін қыз көрген сұмдығы туралы бөліскен. Оның туыстары болған оқиғадан анасының хабардар болғанын айтады. Бірақ ол полицияға арыз жазудан да бас тартқан.
"Аптасына үш рет деген қалай бұл? Бұл - құбыжық, бұл - адам емес, педофил. Қыз анасының хабардар екенін, мұны анасы үш жыл бойы білгенін айтты", - дейді қыздың нағашысы Сайора Әлімбекова.
Бұл ретте жасөспірімнің туыстары отбасында тағы төрт бала барын, оның үшеуі қыз екенін жеткізді. Отбасы полицияға арызданған. Ер адам қамауға алынды.
"Бұл дерек бойынша полиция қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы "Зорлау" бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті ретінде Төле би ауданының тұрғыны анықталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу жүріп жатыр, тиісті сараптамалар тағайындалды", - деді Түркістан облысы ІІД Тергеу басқармасының аса маңызды істер бойынша аға тергеушісі Ақерке Шалхарова.
Қыздың туыстары тергеудің ашық болатынына және ер адамның қатаң жазалануына үмітті. Ер адамның кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"30 адамға химиялық кастрация жасалды". Қазақстанда педофилдерге қолданылатын жаза жеңіл ме?
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысында кәмелетке толмаған қыз ауыл тұрғынының үйінен өлі табылғаны хабарланған еді. Кейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алғанын айтып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырды.
13 шілдеде Сарыағаш аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын кәмелетке толмаған қызының жоғалып кеткені туралы арыз жазған. Кейін ол ауыл тұрғындарының бірінің үйінен табылды.
Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы "Адам өлтіру" бойынша тіркелді. Сараптама тағайындалды. Соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Кейін Желіде ауыл тұрғындары күдіктіні полицейлерден босатып алмақ болды деген ақпарат тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің өкілдері бұған қатысты пікір білдірді.
Бас прокуратура мәліметінше, күдікті бұрын істі болған.
"Күдікті Г. бұрын адам өлтіргені үшін 2006 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылғаны анықталды. 2023 жылғы мамырда Г. ішімдік ішіп отырып, ауылдасымен жанжалдасқан соң, оны балтамен ұрғаны белгілі болды. Сот Г.-ның жәбірленушімен татуласқанын, бұрын соттылығының жойылғанын ескере отырып, оған пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығын шектеу тағайындалды", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, күдікті 2 айға қамауға алынды.
Айта кетейік, бұған дейін көпшілікке "Жаным баклажаным" лақапатымен танымал Айдын Тоқсанбаева Түркістан облысындағы 5 жасар қыздың өліміне қатысты пікір білдіріп, педофилдерге қатаң жаза қолданылуын талап еткен еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек