АМӨЗ-дің бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайға қатысты қылмыстық істе сот кінәсіз деген ұйғарым шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атырау қаласының №2 сотында Атырау мұнай өңдеу зауытының ("АМӨЗ" ЖШС) бұрынғы бас директоры Д. және сатып алу департаментінің директоры С.-ға қатысты қылмыстық іс қаралған.
"Д. және С. ауыр салдарға алып келген, өздеріне пайда алу мақсатында қызмет мүдделеріне қайшы, қызметтік өкілеттіктерін пайдалана отырып, адамдармен алдын ала сөз байласу арқылы қызмет жағдайын теріс пайдаланғандары үшін айыпталды (Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы). Сотталушыларға 2019-2020 жылдары АМӨЗ-де "Мұнайды терең өңдеу кешенін" салу кезінде ЖШС жарғысының және регламенттелген шарттың талаптарын бұзып, мердігерден жеткізілген ақаулы құрылғының құнын талап ету жөнінде шаралар қолданбағаны немесе мердігердің кепілдік міндеттемелері бойынша осы құрылғыларды ауыстыруды талап етпегені үшін айып тағылған", - делінген сот хабарламасында.
Осылайша, тергеу пікірі бойынша мемлекетке 2,9 миллиард теңгеден аса залал келтірілген.
"Сот АМӨЗ-да Кешен құрылысын салу кезінде жұмыс көлемі ұлғайғанын анықтады. Бұл ретте мердігерлер қосымша шығындарға ұшыраған, бұл мемлекеттік сараптамалардың қорытындылары арқылы расталды. Сондықтан тараптар қосымша шарттар жасасып, оған сәйкес кепілдік көрсеткіштерге қолжеткізілмегені және анықталған ақаулар үшін мердігерлерден сомалар ұсталды. Бұдан басқа, "ҚазМұнайГаз" АҚ және "АМӨЗ" ЖШС кешенді салу кезінде оларға залал келтірілмегені туралы анықтама берді", - делінген сот мәліметінде.
Сот Д. және С.-ны олардың әрекеттерінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты барлық эпизод бойынша кінәсіз деп таныды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, бұған дейін Атырауда АМӨЗ-дің бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайға ақауы бар мұнай өңдеу кешені нысанын пайдалануға беру туралы бұйрыққа қол қойғаны үшін айып тағылғаны хабарланған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!