АМӨЗ бұрынғы директоры Шухрат Данбайға айып тағылды

АМӨЗ бұрынғы директоры Шухрат Данбайға айып тағылды
Фото: gov.kz

Атырауда АМӨЗ-дің бұрынғы бас директоры Шухрат Данбайға ақауы бар мұнай өңдеу кешені нысанын пайдалануға беру туралы бұйрыққа қол қойғаны үшін айып тағылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап. 

Атырау мұнай өңдеу зауытының бұрынғы бас директорына ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы төрт бөлігі бойынша лауазымдық өкілеттігін теріс пайдалануға қатысты айып тағылды.

Тергеу мәліметтері бойынша, Шухрат Данбайдың бұйрығымен комиссия тағайындалған, ол ақау шыққан жабдықтары бар мұнай өңдеу кешені нысанын қабылдау актісін жасаған.

Нысанды қабылдау актісі негізінде жұмыс барысында жіберілген ақау болуына қарамастан, бас директор нысанды пайдалануға беру туралы бұйрыққа қол қойған.

Атырау облысы прокурорының аға көмекшісі Нұрболат Әбіловтың айтуынша, F-0101, F-0102, F-0103, F-0104 сүзгілері және каталитикалық крекинг қондырғысының F-0201 суспензия сепараторы туралы сөз қозғалып отыр.

Айыптау қорытындысы бойынша Шухрат Данбай АМӨЗ ЖШС бас директоры бола тұра, каталитикалық крекинг қондырғысының орнатылған сүзгілері мен суспензияның массалық үлесін азайтуға арналған F-0201 суспензия сепараторы жұмыс істемейтінін біле тұра, шара қолданбаған және нысанды пайдалануға беру туралы бұйрыққа қол қойған.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, қол қойылған ұйғарым негізінде шарт талаптары бойынша жабдықты орнатушы барлық ақауды, залалды өз қаражаты есебінен жоюға міндетті екенін анық біле тұра, жұмыс істемейтін және ақауы бар құрал-жабдық үшін 728 607 855 теңге ұстауға қатысты шара қолданбаған.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу, 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы берілуін сұрады. Осы қылмыстық іс бойынша мемлекеттік сатып алу департаментінің директорына 3 жыл 6 ай сұрады.

Сот кезекті сот отырысының күнін 17 мамырға белгілеу туралы қаулы шығарды.

Айта кетейік, былтыр БАҚ-та Атырау МӨЗ бұрынғы бас директоры Шухрат Данбай ұсталғаны жазылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова