Ақтөбедегі Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернатында қайтыс болған 8 сынып оқушысы Бексұлтан Әбубәкірдің ата-анасы жанайқайын айтты. Олар баламыз соққыдан көз жұмды деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бексұлтан Қайрат пен Зояның бес қыздан кейін сағынып көрген егіз ұлының бірі. Дені сау, спортпен шұғылданып жүрген ұлының аяқ асты талып қалды дегенін естіген әке, әлдеқалай бір жағдай болған шығар деп топшылайды. Алайда баласының денесін құшақтап қаламын деп ойламаған. Хабар жеткен бойда алдымен мектепке, кейін ауруханаға барады. Қаладағы жедел жәрдем ауруханасының мамандары қаралы хабарды айтқанда жүрегі тоқтап қала жаздапты. Ал сыңары Ерсұлтан оқиғаның қалай болғанын әкесіне айтып берген.
"8-ші сыныптағы он баланы 413-ші бөлмеге жоғары сыныптың оқушылары жинайды. Оларды қатар тұрғызып қойып, әлімжеттік көрсеткен. Ішінде тоғызыншы, оныншы сыныптың балалары бар. Колледждің бір баласы бар. Кіші сыныптың балаларын жұдырықпен ұрған, төсінен ұрған. Шапалақпен ұрған. Менің балам шетте, есіктің қасында тұрады. Шапалақпен бетінен ұрған кезде еңкеймей ме? Сол кезде 10 кластың баласы тіземен ұрған. Балам сыртқа, есікке қарай құлайды. Құлағаны дәліздегі камераға түсіп қалған", - дейді Бексұлтанның әкесі Қайрат Қалназаров.
Ал сыңарынан айрылған Ерсұлтан қазір есеңгіреп жүр. Сол күні ұрыс "бөлмені неге жинамадыңдар" дегеннен шыққан көрінеді.
"Ақша жинайды екен. Донерге ақша сұрайтын көрінеді. Бөлмені, стадионның ішін жинатады екен. Дедовщина бар деп есептеймін", - деді Қайрат Қалназаров.
Қара жамылған отбасы мектеп-интернат қызметкерлері өз істеріне жауапсыз қарады деп отыр. "Бір бөлмеге 17 баланың кіріп, бір бірін ұрып жатқанын қалай көрмеген" деген Бексұлтанның анасы осыдай жағдайға жеткізгендердің барлығы жазасын алуы керек дейді. Ол мектептен екінші ұлын шығарып алатынын да айтты
"Талабым осы балалар жазасын алса екен деймін. Менің балам жоқ. Жүрегім қанша қан жыласа да мен оны мойындадым. Енді менің балам келмейді. Бірақ осы балдар жазасын алса екен. Тек балалар емес, сол жерде отырғандардың бәрі, төменнен бастап жоғарысына дейін жазаланса екен. Неге қадағаламайды? Неге қарамайды. Неге тәртіп жоқ?" - деді анасы Зоя Базарбаева.
Ал мектеп директоры сол күні ақпарат берген тәрбиеші баланың есінен танып құлап, жедел жәрдем көлігін шақырғанын, олардың төбелесіп жатқанын көрмегенін айтқан. Ол балалардың бір бөлмеге кіріп бара жатқанын байқамай қалған көрінеді. Бұл жағдай балалар ұйықтар уақытта болған.
"Балалар бір бөлмеге жиналып, жоғары сынып пен кіші сынып балаларының арасында шатақ болған. Не үшін, қалай болғаны қазір тергеліп жатыр", -деді Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған олимпиялық резерв мектеп-интернат-колледжі директоры Қайрат Ажбағамбетов.
Директордың басшылық қызметке келгеніне екі ай уақыт болған. Ол білім ордасында бес мезгіл тамақ берілетінін, балалардың донерге ақша жинайтындай аш жүрмейтінін айтты. Ал қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр. Күдікті ретінде екі тәрбиеленуші қамауға алынған.
"Ақтөбе қаласы Есет батыр атындағы спорт мектебінде оқушының қаза болу дерегі бойынша полициямен бұзақылық, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру деректері бойынша, сондай-ақ, спорт мектебінің педагогтері мен басшылығының міндеттеріне адал қарамау фактісі бойынша 3 қылмыстық іс тергелуде.
Қазіргі таңда күдіктілер ретінде осы мектептің екі тәрбиеленуші тұтқындалып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жалғасуда", - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Қайғыдан қан жұтқан ата-ана ұлының арманы көп екенін айтты. Мектепте үздік, бапкерлерінен үнемі мақтау еститін бала, отбасының көз-қуанышы екен. Сыңары екеуі спорт шеберлігіне кандидат. Олар енді ұлын өлтіргендерге әділ жаза береді деп сенеді.
Еске салайық, қайғылы оқиға 11 сәуір күні түнде болған. Жеткіншектің есінен танып құлап, жедел жәрдем көлігінің ішінде ауруханаға жетпей көз жұмғанын жазған едік. Кейінірек қайтыс болған спортшының туыстары мәлімдеме жасаған болатын.
Кәмшат Сексенбайқызы
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!